ҰОС ардагері 92 жасқа келгенде немересімен алғаш рет кездесті (видео)
ҰОС ардагері 92 жасқа келгенде немересімен алғаш рет кездесті (видео)
8 жыл бұрын 2895 24.kz Ф.Шәмші, Л.Жакупова, Е.Рахманбердиев

Тоғысқан тағдырлар. 92 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Георгий Беляев кезінде байланысы үзіліп қалған қазақ бауырының немересімен табысты. Денис Мадеев атасына алғысын білдіру ниетімен Ресейден арнайы келген екен. Атасы мен немересінің бұл алғаш кездесуі. Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан атасы Георгий Семеновичпен танысу үшін арнайы ат басын бұрған Денис Мадеев бұл үйде құтты мейман. Денистің туған атасы, ұлты қазақ Мұса соғыс жылдары жетімдер үйіне түседі. Сұрапыл сол жылдары барлық жетімдер үйі жабылып, барлық кеңестік отбасы сондағы балаларды асырап алып жатты. Георгий Беляев, Ұлы Отан соғысының ардагері: - Әкем Мұсаға барды да: «балам, жүр біздің үйге, енді бізбен тұрасың» деді. Ал маған: «Егор бауырыңның қолынан жетекте» деп айтты. Содан екеуіміз қол ұстасып жүгіріп кеттік. Мұса екеуіміздің таныстығымыз осылай болып еді. Енді, міне, оның немересі келіп отыр. Мұса Мадеев Беляевтар отбасына келген кезде 7 жасар бала еді. Олар бір-бірін орыс, қазақ деп бөлмей, туған бауырдай өседі. Георгий Беляев қан майданда жүрсе де інісімен хат алысып жүреді.   Георгий Беляев, Ұлы Отан соғысының ардагері: - Бізді қандас бауырлар деуге болады. Себебі, бірге өстік, жастық шағымызда да қиындықты бірге көрдік. Мен майданда, ол әскерде болды. Дегенмен арадағы байланыс ешқашан үзілген емес. Ол бақилық болғанша бір-бірімізден хат-хабар үзбейтінбіз. Соғыстан кейін, 1946 жылы Георгий мен Мұса Қиыр Шығыста кездеседі. «Мұса сонда тұратын» деп еске алады Георгий Беляев. Ең соңғы рет олар араға 30 жыл салып Қазақстанда кездеседі. Мұса Мадеев өмірден өткеннен кейін оның Ресейде тұратын баласымен байланыста болады. Алайда, арадағы хат-хабар алмасу үзіліп қалады. Беляевтар отбасын ата тегімнің бір бөлігі деп білетін Денис Мадеев Ақмола облысында жарық көретін газеттердің бірінде жазылған мақаланы ғаламтордан көріп қалмағанда, бәлкім, атасы мен немересінің кездесуі ешқашан болмас па еді?.. Денис Мадеев: - Шынымды айтсам, мақаланы оқыған кезде Георгий Семеновичтің туған жылына, аты-жөніне қарап ойланып қалдым. Тағы да кешіккен шығармын деп едім. Біраз жасқа келген дегендей... Атамды көргеніме қуаныштымын. Бұл жаққа келуімнің себебі – осы отбасына рақмет айту. Кезінде менің туған атамды асырап алып, бір емес, бірнеше ұрпаққа өмір берді. Соның арқасында мен осында отырмын. 34 жастағы Денис Мадеев Санкт-Петербургте дәрігер болып жұмыс істейді екен. Аталарының туған жеріне табаны тигеніне дән риза.

 

0 пікір
Мұрағат