Ұлттық саябақта от жаққандарға 100 АЕК айыппұл салынады
Ұлттық саябақта от жаққандарға 100 АЕК айыппұл салынады
5 жыл бұрын 2704 Құралай Құдайберген

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұл туралы inbusiness.kz ақпарат көзі Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып мәлім етті.

«Күннің  қатты ысуына байланысты таулы орманды аймақтарда өрт қаупі сақталуда. Карантин кезеңінде 200-ден аса қураған шөптердің өртену жағдайы тіркелді. Осыған байланысты, Төтенше жағдайлар, Табиғатты қорғау полициясы және Іле Алатауы ұлттық паркінің инспекторларымен патрульдеу жұмыстары күшейтілді», – деп хабарлады ТЖД.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 367–бабының 3-тармағы бойынша ормандарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелерді бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 100 АЕК (277800тг), лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілеріне 250 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпорындар үшін – 400 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

«Тәртіп бұзушы 7 күннің ішінде айыппұлдың жартысын – 50 АЕК, яғни, 277 мың 800 теңгенің орнына 138 мың 900 теңге төлей алады. Осындай заң бұзушылықтармен Медеу ауданының Медеу табиғи саябағында және Наурызбай ауданының Ақсай шатқалында от жаққан ондаған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде «Іле – Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі»  аумағында демалған тұрғындарға саябақ аумағында қоқыстарды жағуға және от жағуға тыйым салынғандығы туралы ақпарат беріліп отырады. Орман өрттері өрттің қаупін ескермеу салдарынан басталады. Сөндірілмеген темекі,  лақтырылған бос шыны ыдыстар  мен толық өшірілмеген оттан осындай жағдай орын алады», – деп жазылған хабарламада. Ж

ыл басынан бері инспекторлар ерекше қорғалған аймақтарда от пен ашық оттың тұтануын 57 рет тоқтатқан. Сонымен қатар 23 әкімшілік хаттама толтырған. Бұдан бөлек, тау бөктерінде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы 1765  жадынама таратқан.

«Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға материалдық залал келтіруге байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Арнайы жабдықталған орындар (орындықтар, үстел, тамақ пісіруге арналған арнайы бетондалған алаң) Алма Арасан, үлкен Алматы мен Казачка өзендерінің бойында орналасқан, ал шыршалар жанында от жағуға қатаң  тыйым салынады», – деп ескертті ТЖД.

0 пікір
Мұрағат