Ұлттық қордан балаларға аударылатын ақшаны қайда жұмсауға болатыны айтылды
Ұлттық қордан балаларға аударылатын ақшаны қайда жұмсауға болатыны айтылды
2 жыл бұрын 1089 inform.kz Дәулет Ізтілеу

Ұлттық қордан балалардың жеке шотына қаржы аудару процесі түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Әділет министрлігі ұйымдастырған заң жобалау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

«Елімізде алғаш рет ұлттық байлықты 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге бөлу мүмкіндігі туды. Яғни, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% балалар арасында біркелкі бөлінетін болады. Есеп өткен 18 жылдың орташа жылдық мәні есебінен жүргізіледі. Неліктен өткен 18 жыл? Өйткені, нарықтағы дағдарыс жағдайын ескерсек, кейде Ұлттық қордың кірісі теріске шығуы мүмкін. Оны теңестіру - ұзақ процесс. Айтар болсақ, 2005-2023 жылдар аралығында 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер саны - 6,5 млн. Демек шамамен 6,5 млн бала Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін алуы мүмкін», - деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев шара барысында.

Сол сияқты халық қалаулысы кәмелетке толған азамат жеке шотындағы қаражатты қайда жұмсай алатынын айтты.

«18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Айтпақшы, баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы тиіс. Егер кәмелетке толған азамат тұрақты тұруға шетелге кетсе немесе азаматтығын ауыстырса онда қордың төлемінен айрылады», - дейді ол.

Жиын барысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтқандай, биыл 1 тамызға дейін «Ұлттық қор» аудитінің қорытындысы бойынша жылдық есепті бекіту жоспарлануда.

Аудит деректерінің негізінде Ұлттық банк 1 қыркүйекке дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) «Ұлттық қордың» орташа инвестициялық табысының 50 пайызы сомасы туралы, сондай-ақ жыл сайын осы сомаға есептелетін орташа инвестициялық табыстың сомасы мен ставкасы туралы ақпарат жіберіледі.

Сондай-ақ, министр орынбасарының мәлімдеуінше, биыл 31 желтоқсанға дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордан қажетті ақпаратты импорттайды.

Ал 2024 жылғы 20 қаңтарға дейін БЖЗҚ алынған ақпаратты Әділет министрлігімен келіседі және жобаның әр қатысушысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің сомасын есептейді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өткен жылғы халыққа жолдауында «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын қолға алу керектігін айтқан еді.

Ол бағдарлама аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады.

Төлем әр бала 18 жасқа толғанша жеке шотына түседі.

0 пікір
Мұрағат