«Ұйқы дерті» қайта оралды
|
Ақмола облысының Есіл ауданындағы Қалашы ауылында әлі күнге себебі белгісіз, халық арасында «ұйқы дерті» атанып кеткен ауру қайта оралды. Аталмыш ауданның аурухана бастығы Қабдірашит Алмағанбетовтың айтуынша, үстіміздегі жылдың тамыз айында ауруханаға осындай диагнозбен жас шамалары 14-70 аралығында алты адам түскен. Пациенттер тәулігіне 14 сағат ұйықтап, ұмытшақтық дертіне шалдыққан және көздеріне қос көрінген, яғни, елес. Олардың үшеуі осындай дертпен екінші мәрте ауруханаға түскенін айта кету керек. Өткен жылдың наурыз айынан аталмыш ауылдың қырықтан астамы медициналық қызметкерлердің көмегіне жүгінуге тура келген. Мамандар инфекциялық және бактериалдық факторлардың осынау дертпен еш қатысы жоғын алға тартып отыр. Қазақстан Денсаулық министрілігінің мамандарының мамыр айындағы мәліметіне қарағанда, «ұйқы» дертінің бір себебі жертөлелерден көтерілетін жоғары бу концентрациясының әсері болуы мүмкін.