Үйiн жалға берушілер тұрғындарды тіркеуге міндеттеледі
|
Елiмiзде болған соңғы терактiлер көшi-қон саласын реттеудегi олқылықтарды көрсеткен. Сондықтан, жалдамалы баспана иелерiнiң жауапкершiлiгiн қатаңдату көзделiп отыр. Яғни, жалға берушiлер тұрғындарды тiркеуi тиiс. Бұл өзгерiс экстремизмге және терроризмге қарсы күрес жөнiндегi заң жобасында қарастырылған.
«Заң жобасына енгiзілiп отырған өзгерiстердi iшкi және шетел азаматтарының көшi-қон процесiн бақылауды күшейту мақсатында енгiздiк. Өмiрдiң өзi заңнамада олқылық барын көрсеттi. Яғни, баспанасын жалға беретiн үй иесi тұрып жатқан адамдарды тiркемейдi. Бiз үй иелерiн, жалға берушiлердi тұрғындарды тiркеуге мiндеттеу арқылы осы олқылықтың орнын толтырып отырмыз», - дедi экстремизмге және терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысында ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Рашид Жақыпов.
Вице-министрдiң айтуынша, елiмiзде болған соңғы терактiлер осы мәселенi ашып берiп отыр.
«Алматылық мерген» алты ай бойы Алматыда тiркеусiз баспана жалдап тұрған. Жақында Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi теракт әзiрлеп жатқан адамдарды ұстады. Олар да баспана жалдап, тiркеусiз тұрды. Сондықтан осындай норма енгiзiп отырмыз», - дедi вице-министр.
Депутат Жанат Жарасовтың сөзiнше, заңнамадағы бұл нормалар әзiрленген кезде барлық ресми және көпке қолжетiмдi емес материалдар жете сарапталды.
«Бұл нормалар жайдан-жай енгiзiлiп отырған жоқ. Олар барлық жағдай ескерiлiп әзiрлендi. Ақтөбедегi террористiк топ жалдамалы үйлерде тұрып дайындалған. Терактiден кейiн қашып жүргенде де олар жалдамалы үйлерде жасырынған. Алматыда да осы жағдай болды. Үйдiң ауласындағы жатақханада радикалдарды дайындаған. Жастар күнiне 1000 теңге төлеп тұрған, бiрақ олар қайда тап болғанын бiлмедi. Олар бiртiндеп радикализмге тартылды. Осы салада тәртiп орнату керек», - дедi депутат.
Заң жобасына сәйкес, куәлiксiз немесе тiркеусiз 10 күннен бiр айға дейiн тұрған жағдайда ескерту жасалады. Егер бiр айдан асып кетсе, 7 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Бiр жыл iшiнде бұл заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшерi 13 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн өседi. Елге келетiн шетелдiк азаматтарға қатысты да тиiстi iс-шаралар қолға алынбақ.
Айта кетейiк, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен Iшкi iстер министрлiгi әзiрлеген экстремизмге және терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi заң жобасы Мәжiлiсте қызу талқылануда. Заң жобасы бiрiншi оқылымда мақұлданды. Депутаттар, сарапшылар мен қоғамдардың, ұйымдардың өкiлдерi енгiзген ұсыныстардың барлығы ескерiлiп, зерделенiп жатыр.