Үй салатын жерді онлайн режимде қалай рәсімдейтіні айтылды
Үй салатын жерді онлайн режимде қалай рәсімдейтіні айтылды
1 жыл бұрын 769 inform.kz Есімжан Нақтыбай

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Әсет Тұрысов онлайн режимде жер рәсімдеу процесі қалай ұйымдастырылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

1 шілдеден бастап не өзгерді?

Бірінші шілдеден бері жер телімін рәсімдеушілер бұрынғыдан басқаша тәртіппен құжат жинайтын болған. Жарты жылға жуық уақытта жаңа тәртіпке үйренісе алмағандар талай сын да айтты. Тіпті кей кезде жаңа платформа жүктемені көтере алмай, сыр берген сәттер де болды. Осы жобаны үйлестіріп отырған министрлік атынан сөйлеген Әсет Тұрысов 1 желтоқсаннан бері map.gov.kz ресурсы іркіліссіз жұмыс істеп тұрғанын айтып сендірді.

«Жылжымайтын мүліктердің бірыңғай мемлекеттік кадастры дегеніміз – жер кадастры мен құқықты тіркеу кадастрын ортақ деректер базасына біріктірген жүйе. Әлемдегі елдердің көбінде бұл базалар бір кадастрға тоғыстырылған. Өйткені жылжымайтын мүлік пен оның астындағы жерді ажырата алмайсыз. Жерді ресімдемесең, жылжымайтын мүлік сала алмайсың. Өйткені ертең жердің иесі шығуы мүмкін. Сол сияқты біреу еңбектеніп салған жылжымайтын мүліктің астындағы жерді қағазда иесі жоқ екен деп өз атыңа рәсімдей алмайсың. Сондықтан біз жер кадастры мен құқық кадастрын біріктіріп отырмыз», - деді Әсет Тұрысов.

Вице-министр қазіргі таңда бірыңғай кадастрға 89 қаланың кадастр мәліметтері енгізіліп жатқанын еске салды. Ал шалғай елді мекендер мен аудандар сапалы интернеттің жетуіне қарай базаға кіріктіріліп отырады.

Бұған дейін қалада жылжымайтын мүлігі бар адамның бәрінің қолында екі құжат болған еді. Оның бірі – техникалық паспорт болса, екіншісі – жердің мемлекеттік актісі. Бұл екі құжатты азаматтар екі түрлі мекемеден алатын. Бірінші шілдеден бастап жылжымайтын мүлік рәсімдегендер бір ғана құжат ала бастады. Оның ресми атауы – жылжымайтын мүлік нысанының кадастрлық паспорты.

«Бұрын жер телімін алу үшін «Жерге орналастыру жобасы» дейтін құжатты рәсімдеу керек болды. Әрбір мемлекеттік органға, әкімдіктің түрлі басқармасына бару керек еді. Су бойынша бөлек, жарық бойынша бөлек мақұлдаудан өту керек болатын. Ол жобаның қаланың бас жоспарына сәйкес келетіні туралы келісім алу қажет болды. Әкімдік ол жобаны бас жоспарға немесе қаланың егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес емес деп жерді беруден бас тарта алатын. Бұл екі жоспарда қағазда ғана болды. Қарапайым азамат өз бетімен көре алмайтын. Жер алғысы келген адам осы құжат пен рұқсаттардың бәрін жинап болам дегенше жылдап уақыт кететін. Құжат рәсімдеудің кез келген кезеңінде әкімдік өтінішті кері қайтара алатын. Яғни, бұл тұрғыда жабық тұстар көп болды. Әкімдік өкілдері «су жоқ», «электр әлі жеткен жоқ» деп айта алатын. Ал шын мәнінде инфрақұрылым тартылған болуы да мүмкін еді. Азамат көздеп жүрген телімнің тура іргесінде басқа біреудің үй салып жатқанын көріп тұр, бірақ бұған әкімдік жер бергісі келмейді. «Неге көршіме бұл ауданда үй салуға болады, маған неге болмайды?», - деген сұрақ туындайтын», - деді ол.

Жер комиссиялары неге таратылды

Министрдің орынбасары жер телімін үлестіру үшін әкімдіктер жанынан жұмыс істеп келген жер комиссиялары неге таратылғанын да түсіндірді.

«Барлық жер комиссияларының мүшелері қалай іріктелгенін ешкім білмейтін. Олар қабылдайтын шешімге нақты ешкім жауап бермейтін, ұжымдық жауапкершілік қана болды. Соның салдарынан халық кінәнің бәрін әкімдіктен іздейтін. Жылжымайтын мүліктердің бірыңғай мемлекеттік кадастрын енгізу арқылы біз жаңа тәртіпке көштік. Бұл жүйе әзірге 89 қалада ғана жұмыс істейді. Жерді таңдаудан бастап, ақырғы құжатты алғанға дейінгі процедураның бәрі онлайн тәртіптен жасалады», - дейді Әсет Тұрысов.

Вице-министр жер телімін онлайн рәсімдеудің тәртібін қысқаша былай түсіндірді.

«Жер телімін рәсімдегісі келген азамат әуелі eGov-ке кіреді. eGov-тен электронды цифрлық қолтаңба арқылы жария кадастрлық картаға кіреді. Сол картадан жер алғысы келетін қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарын көре алады. Ол картада бос телімдер мен иесі бар телімдер айқын көрініп тұрады. Өзіне келетін бос телімді сол картаның үстінде сызып, рәсімдеуге өтініш тіркейді.

Осыдан кейін eGov-тегі жеке кабинеті арқылы қалдырған өтінішінің қай сатыда екенін онлайн режимде көріп отырады. Сонда жер комиссиясының мақұлдауынан өту және жерген орналастыру жоспарын жауапты органдарының бәріне тексерту деген процестер қысқартылып отыр. Азамат eGov-те ЭЦҚ арқылы өтінім берген сәтте-ақ, жергілікті әкімдікке хабар түседі. Әкімдік пен рұқсат беретін органдар өз араларында әлгі өтінімнің бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарға сәйкестігін тексеріп, шешімін береді. Ал жер беруден бас тартса, оның себебін көрсетілуі керек. Бұрын оның бәрі бұлайша тіркелмейтін. Бір бет қағаз ғана берілетін. Енді ақпараттық жүйе арқылы неге бас тартқанын біле алады. Келешекте тіпті нақты қай органның қай маманы ондай шешімге келгенін көретіндей етеміз.

Ал жер беру керек деген шешім шықса, электрондық нұсқадағы кадарстрлық паспорт әзірленеді. Ол құжатты халыққа қызмет көрсету орталығынан алады», - деді министрлік өкілі.

Аукцион арқылы жер алу

Әсет Тұрысов бұдан былай бизнес жобаға жер рәсімдегісі келетін кәсіпкерлер көздеген телімін аукционға шығару туралы бастама көтерел алатынын еске салды.

«Жер халықтың орталық игілігі болғандықтан, бір кәсіпкердің қандай да бір жерге көзі түссе, саудаға шығару туралы бастама көтере алады. Бұрын кәсіпкерлер ондай бастама көтере алмайтын. Әуелі әкімдікке өтініш жазатын, қоғамдық топтардың жиынында ол ұсынысын талқылайтын. Кәсіпкер көздеген жер ешкімнің иелігінде болмаса, үстінде ешқандай нысан салынбаған болса, саудаға шығару туралы өтінім Қаржы министрлігінің электронды сауда порталына түседі. Бұдан кейін сол органнан оған аукцион қашан өтетіні туралы хабарлама келеді. Онымен бірге басқалар да аукционда бағын сынай алады. Бұл да автоматты түрде іске асады. Осының бәрі қалай жұмыс істеп тұрғанын map.gov.kz сайтынан қазірдің өзінде көре аласыздар», - деді вице-министр.

Бұл жердегі аукцион арқылы сатылымға шығарылатын жердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қатысы жоқ екенін айта кету керек.

0 пікір
Мұрағат