Түркістанда өңеш қан тамырларына алғаш рет жаңа ота түрі жасалынды
Түркістанда өңеш қан тамырларына алғаш рет жаңа ота түрі жасалынды
5 жыл бұрын 2002

Түркістан облысында «Кадр біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бағдарламасы өз жемісін беруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бастамасымен былтыр өңірде 2000-ға жуық маман біліктіліп арттырып, олардың ішінде 200-ден астам дәрігер Ресейдің Новосибирск қаласы мен Туркия мемлекетінде білімдерін жетілдірген болатын. Бүгінде сол дәрігерлер алған білімдерінің арқасында өңірде жаңа емдік ота түрлерін жасап, талай науқасқа көмектерін тигізуде. Мәселен, Түркістан қалалық ауруханасында өңеш қан тамырларына алғаш рет ота жасалынды.

Өңештегі қан тамырларының жарылуынан науқастарда өміріне аса қауіп төндіретін қан кету процесі туындайды. Бұл негізінен бауыр циррозы кезінде жиі кездесетін қауіп-қатер. Медицинада бүгінде өңештен қан кетудің алдын алуда тиімді ем ретінде эндоскопиялық ота түрі қолданылып жүр.

Түркістан қалалық ауруханасында екі күн бойы осындай ота 6 науқасқа жасалынды. Ресейде және Ұлттық ғылыми хирургия орталығында біліктілік арттырған мамандардың бірі Түркістан қалалық ауруханасының эндоскопист-дәрігері Бекжан Асибеков.

«Жоғары білікті эндоскопист-дәрігерлермен тәжірибе алмасудың арқасында бұндай ота түрін жасауды жетік меңгердім. Ауруханамызда заманауи медициналық құрал-жабдықтар да орнатылды. Халыққа сапалы әрі тиімді ем көрсетуіміз үшін барлық жағдай жасалынып отыр. Алдағы уақытта жерлестерім үшін аянбай еңбек етемін»,-дейді ол.

Түркістандық дәрігерлер отаны «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның клиникалық физиология және эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Абдрашевтың жетекшілік етуімен жасады. Жоғары білікті маман жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сабағын, тіпті, онлайн режимде өткізді.

Облыс бойынша жалпы бауыр циррозына шалдыққан 600-ге жуық науқас тіркелген. Дәрігерлер оларға диета сақтап, тиісті дәрі-дәрмектерін жүйелі түрде қабылдауға кеңес береді.

Өңірде мамандардың біліктілігімен қатар клиникалық диагностикалық зертханалық қызметтер сапасын жақсарту, құрал-жабдықты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды жетілдіру мәселелері де басты назарда.

0 пікір
Мұрағат