Түркістан облысында 5 жылдан бері ішімдіксіз тойды дәстүрге айналдырған "халал" ауыл бар
|
Аядай ғана Алмалы ауылы өзінің осы бір бастамасымен өзгелерге үлгі болып келеді.
Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Мақталы ауылдық округінің Алмалы ауылы бүгін өңір жұртшылығы арасында «халал ауыл» атанып кеткен, деп хабарлайды ernur.kz тілшісі.
Оған себеп – аудандық ардагерлер кеңесі мен аудан мешіттері имамдарының біргелікте үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде ауыл тұрғындары спиртті ішімдіктерден түбегейлі бас тартқан. Биыл бесінші жыл той-томалақтарын тентек сусыз өткізетін ауылда қылмыс пен құқықбұзушылық тіркелмеген. Есесіне ауыл жастары жергілікті мешіттен арабша хат танып, имандылыққа бет бұрған. Сонымен қатар, аядай ғана ауылда жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында бұқаралық спортты, әсіресе, ат тұяғының дүбірін естісе делебесі қозатын қазақтың қанына сіңген ұлттық көкпар ойынын дамыту мықтап қолға алынған. Бәлкім, содан да болар алкагольден бас тартқан ауыл балаларының аудан аумағында абыройы асқақ, беделі биік. Бүгінде аудан имамдары мен ардагерлерінің бастамасымен қолға алынған мұндай игілікті шара ауданның барлық ауылдарында жалғасын тауып, өз нәтижесін көрсетіп келеді.