Тұрғындар полицейге тіркелгенін дәлелдеуге міндетті емес
|
Азаматтар полицейге уақытша тіркелгенін дәлелдеуге міндетті емес. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов айтты.
«Учаскелік инспектор келген кезде, адамдар нақты тұрып жатқан пәтерде уақытша тіркелгендігі туралы дәлелдеуге тырыспауы керек. Инспектор құжатыңызды сұрап, ондағы деректерді жазып алуға ғана құқылы. Ол ақпараттық жүйе арқылы жұмыс орнында қажет мәліметтерді тексере алады»,-деді ол.
Сонымен қатар, С. Сайынов полицейлер тексерумен 23:00-ден кеш келе алмайтынын айтты. Ал егер көршілердің тыныштығын бұзған жағдайда, полицейлер пәтеріңізге келіп, шағымның себебін сұрауға құқылы.
«Полицияның учаскелік инспекторы өзі қызмет ететін аумақта кімдер тұрып жатқанын білуі тиіс. Яғни, оның тізімінде жақында абақтыдан босағандар, жиі жанжал жасайтындар бар», - деді департамент басшысы.
Уақытша тіркеу бойынша наурыздың ортасына дейін айыппұл салынбайды
Құқық қорғау органдары тұрақты тіркелген жерінде тұрмайтын және уақытша тіркеуі жоқ азаматтарға наурыздың ортасына дейін айыппұл салмайды.
Бұл нормативтік-құқықтық актілер Үкімет тарапынан қаулымен бекітілмеуіне байланысты болып отыр. Оны бекіту мерзімі биылдың ақпанының соңына дейін жоспарланған. Сонымен қатар, құжат БАҚ-та ресми түрде жарияланғаннан соң 10 күннен кейін күшіне енеді.
«Заңға қосымша акт бекітілгенше, бүгінде әкімшілік заңнама нормасы қолданылмайды. Сондықтан да наурыздың ортасына дейін әкімшілік жауапкершілікке бізде ешкім де тартылмайды. Тұрғындар асықпастан ХҚКО немесе электрондық үкімет порталы арқылы өз тіркеулерін рәсімдеу үшін бір жарым ай уақыты бар», - деді ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ол тұрғылықты жері бойынша тексеру тек Алматыда ғана өткенін еске салып өтті. Бұл шара қысқы Универсиада қарсаңында іске асырылды.
«Қалған өңірлерде наурыздың ортасына дейін құқық қорғау органдары қандай да бір тексерулер жасамайды, тіркеуді талап етпейді», - деді С. Сайынов.