Тұрғындар МӘМС бойынша қандай жағдайда тегін дәрі-дәрмек ала алады?
Тұрғындар МӘМС бойынша қандай жағдайда тегін дәрі-дәрмек ала алады?
4 жыл бұрын 3209 А.Ахметқазы

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жайында aikyn.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

2020 жылдан бастап аталған №666 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, МӘМС бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде 2 қосымша қосылды: ересектер санатына – 41 нозология, балалар санатына – 63 нозология (сондай-ақ 12 нозология ТМККК-дан МӘМС-ке ауыстырылды).

Енді тұрғындар қажет болған жағдайда мына сырқаттар бойынша тегін дәрі-дәрмек ала алады: ересектер – глаукома, псориаз,  қуықасты безінің гиперплазиясы; балалар – инфекциялық (скарлатина, рожа) және протозойдты (гельминтоза, лямблиоз) ауруларға, зәр шығару жолдарының инфекциясында (цистит), т.б.

COVID-19 коронавирус инфекциясымен күрес аясында осы жылдың 28 шілдесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі бұйрықтың ТМККК бөліміне COVID-19 коронавирус инфекциясын емдеуге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету енгізілді. 

Аталған нозология бойынша берілетін дәрілер: ыстық түсіретін – Парацетамол (500 мг таблеткалар) және Ибупрофен (200 және 400 мг таблеткалар); антикоагулянттар – Ривороксабан (110мг таблеткалар), Апиксабан (2,5 мг таблеткалар) және Дабигатран  (110 және 150 мг капсулалар).

– Нұр-Сұлтан қаласында короновирустық инфекция нозологиясы бойынша; ауруханадан тыс пневмония, балаларда – пневмония, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының жіті қабыну инфекциялары бойынша, ақпараттық жүйедегі деректерге сай, 2020 жылдың 1 қаңтары мен 30 қыркүйегі аралығында 9 038 пациент 21,81 млн теңге сомасына антибактериальдық, ыстық түсіретін препараттармен және антикоагулянттармен қамтамасыз етілген, – дейді Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

0 пікір
Мұрағат