Төлемдер мен төлем жүйелері заңына бірқатар өзгерістер енді
|
Төлем операциялары орындалғанға дейін банктер алынатын комиссия құны қанша болатынын алдын ала ескертуге міндетті. Тиісті заңнамаға осындай өзгерістер енгізу мәселесі бүгін Мәжілісте қаралды. Заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасары бірқатар жаңашылдықты атап өтті. Мәселен, банктердің төлемдерді орындау мерзімі қазір 4 күн болса, оны 2 күнге қысқарту қарастырылуда. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен келісімі бар қосымша агенттер кейбір төлем түрлерін іске асыра алады. Бұл әсіресе банк кеңсесі жоқ шалғай елді мекендер үшін тиімді. Бұдан бөлек үшінші тұлғалардың талаптары бойынша жәрдемақы, тұрғын үй мен әлеуметтік төлемдерді өндіріп алуға шектеу қойылмақ. Яғни заң күшіне енсе, жеке шоттағы қаржыға қол сұғуға тыйым салынады. Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары: - Қазіргі уақытта жеке тұлғаның шотына ақша түссе, жәрдемақыдан немесе әлеуметтік төлемдерден, ол ақшаны мемлекеттік органдардың соттың шешімімен алып қоюға құқығы бар. Заң қабылданса, мұндай екінші деңгейлі банктер жеке тұлғаның шотына түскен ақшаға тиісуге құқығы жоқ. Неге десеңіз, бұл ақшалар әлеуметтік жағдаймен түсіп отыр.