Тараздық мұғалім физика сабақтарын TikTok-та түсіндіру арқылы әлемге танылды
Тараздық мұғалім физика сабақтарын TikTok-та түсіндіру арқылы әлемге танылды
3 күн бұрын 533 24.kz

Таразда физика пәнінің мұғалімі тик-ток платформасында «Орталық Азиядағы креативті контент иесі» атанды, деп хабарлады 24.kz

Мейірлан Жусанбаев физикалық заңдылықтарды оқушылыраға тәжірибе жасау арқылы жеңіл тілде түсіндіреді. Қазір желіге жүктеген бейнелері миллиондаған қаралым жинаған.  

Температурасы өте жоғары, буланып тұрғанын көріп тұрмыз. Енді осыны мұзы бар суға қоссақ ол бізде сыртқы қысым әсерінен осылай температураның өзгеруінен мыжылып кетеді.

Мейірлан Жусанбаев ұстаздық салада 13 жыл бойы еңбек етеді. Қазір сабақты құр теориямен оқушының санасына сіңіруден нәтиже жоқ, - дейді ол. Осыған байланысты 4 жыл бұрын тың тәсілге бет бұрған. Физикалық формулаларға зертханалық әдіс жасап, түрлі заңды балаларға тірідей көрсетіп бастаған. Мұндай әдіс оқушылардың қызығушылығын оятып, қабілетін дамытқан.

Мейірлан Жусанбаев, физика пәнінің мұғалімі: - Мен өзім мектеп оқушысы болған кезде мұндай эксперименттерді мұғалімдер өткізбейтін. Яғни, физиканы түсіну өте қиын болатын. Қазіргі заманда қол астымызда бүкіл құрал-жабдық бар. Жақсы физик болу үшін балаға тек қана қызығушылық керек. Егер бала осы эксперименттерді өз қолымен жасайтын болса, ол оны өмір бақи есіне сақтап қалады.

Жас мұғалім 120-ға жуық тәжірибе жасап, бәрін таспаға түсіріп желіге жүктеген. Қазір оның бейнесабақтары 6 млн астам қаралым жинады. Тәжірибелері әлемдік деңгейде әдістемелік құралға айналып барады. Қиын пәнді формуламен емес, мысалмен үйреткен мұғалімнің сабағына оқушылар да қызыға қатысады.

Жанайым Сембекова, оқушы: - Сабақтар өте қызық өтеді. Мысалы, металлдарды өртейді, парақтарды өртейді, жандырады. Қыздырады. Бұл бізге адреналин береді. Біздің қызығушылығымызды оятты.

Медина Әбдіхамит, оқушы: - Мен олимпиададан ағайдың үйреткені бойынша бірінші орын алдым. Біздің ағай барлығы өзінің қолымен көрсетеді, яғни барлығын тәжірибе арқылы бізге жеткізеді және біз соны көзімізбен көргенде ол бізге түсініктірек болады.

Мейірлан 800-ден аса оқушыны физикаға баулыған. Бір қызығы, солардың жартысы осы бағытты мамандық ретінде таңдапты. Еңбекқор ұстаз 2023 жылы зияткерлік мектептер арасындағы байқауда «Жыл мұғалімі» атанды.  

2024-те тик-ток желісінде білім бағыты бойынша «Орталық Азиядағы үздік креативті контент иесі» деген марапат алды. Сонымен қоса, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын иемденді. Ендігі ақсаты - «Әлем мұғалімі» байқауында бақ сынау.

Мерей Бает, Елдар Байділдә

Алматылық ұстаз математиканы ерекше тәсілмен үйретеді

Алматылық ұстаз, математиканы үйретудегі ерекше әдісі арқылы әлеуметтік желінің жұлдызына айналды, деп хабарлайды 24kz.

24 жастағы Евгений Солоницын мектепте жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде қызықсыз формулаларды түрлі оқиғаларға, ал сандар туралы ғылымды өмір үшін қажетті және пайдалы құралға айналдыра алды. Евгений өз блогында күнделікті өмірден мысалдар келтіре отырып, математикалық есептерді талдайды.

Евгений Солоницын математика туралы блог жүргізуді сегіз ай бұрын бастаған. Ол қызықты мысалдар келтіре отырып, нақты ғылымды түсінікті етіп жеткізеді. Мәселен, қарбыздың пісуін қалай өлшеуге болатынын немесе тек математиканы пайдаланып ерітіндінің концентрациясын қалай есептеу керектігін түсіндіреді.

«Ұстаздыққа кездейсоқ келдім. Бұл шешімге ковидке байланысты қашықтықтан оқыту әсер етті», - деді жас маман Евгений Солоницын.

Евгений Солоницын, №134 лицейдің математика пәнінің мұғалімі: - Мен радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығын оқыдым. Үшінші курста мұның аса қызық емес екенін түсіндім. Математика және физика пәндерінен репетитор болып жұмыс істей бастадым. Сол сәттен бастап үйрету, сабақ беру маған ұнады.. Содан кейін математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша магистратураға түстім.

Тәжірибесінің аздығына қарамастан, Евгений оқушыларына жоғары нәтижелерге жетуге көмектесіп келеді. Дайындаған 15 оқушысының 8-і физика-математика мектебіне қабылданды. Жас ұстаздың тың әдісі оқушыларға да ұнайды.

Арина Тулеушева, №134 лицейдің оқушысы: - Шын мәнінде, Евгений Евгеньевич сабақтарды өте керемет, көңілді өткізеді, бәрін нақты мысалдармен түсіндіреді. Оның айтқандарын өте оңай түсінесің, ол әрқашан өмірден мысалдар келтіреді.

Евгенийдің әріптестері де аз уақытта оның таланты мен кәсібилігін аңғарыпты.

«Оқушымның кәсіби ұстаз болып оралуы мен үшін үлкен мақтаныш», - дейді Евгенийдің бұрынғы сынып жетекшісі Құралай Мұсаева.

Құралай Мұсаева, №134 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: - Евгений осы мектепте 9-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін оқыды. Мен Евгенийдің клас жетекшісі болдым. Әріптес ретінде айтады ғой, оқушысы ұстазынан озса, одан ең үлкен сыйлық, бұл маған үлкен сыйлық, Өзімнің оқушым, осы мектепке келіп, өзіммен бірге мұғалім ретінде жұмыс жасап жатыр.

Евгений өте қарапайым. «Өзімді мықты математикпін деп есептемеймін», - дейді ол. Дегенмен, шәкіртінің ынтасын ашып, жүрегіне жол тапқан педагог болашақта блогын дамытып, оқушыларға есеп-қисапты оңай үйретуді жалғастырмақ. Жас ұстаз қазақ тілін толық меңгеруді де жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

 

0 пікір
Мұрағат