Тамыз айындағы үздік әкімдер анықталды
Тамыз айындағы үздік әкімдер анықталды
10 жыл бұрын 3424 nur.kz

"Время" газеті "Саясат Monitoring" тобымен бірлесе отырып, тамыз айындағы еліміздегі әкімдердің рейтингін жариялады.

Рейтингті дайындау барысында еліміздегі 30 шақты саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, блогерлер, политехнолог және журналистердің пікірі назарға алынған.

Облыс әкімдерінің қызметі бірнеше көрсеткіштер бойынша бағаланды.

Айта кетсек, жақында Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов қызметінен кетіп, орнына Амандық Баталов келген болатын. Жаңа әкім қызметін енді бастағандықтан, тамыздағы тізімге кірген жоқ.

Өткен аймен салыстарғанда, әкімдер рейтингінде қатты өзгерістер байқалмаған.

Сонымен, бірінші және екінші орынды еліміздегі екі ірі қаланың тізгінін ұстаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов иеленді. Иманғали Нұрғалиұлына ұпай әкелген оқиғалар көшінде тамыздағы педагогтар кеңесі тұр. Аталған басқосуда бас қаланың әкімі шешендігімен тағы бір көзге түскен болатын.

Ал Ахметжан Есімов "түнгі көбелектермен" күресті күшейту туралы полиция қызметкерлеріне ескерту жасағандығымен есте қалды.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов үшінші орында келеді. Респонденттердің пікірінше, Асқар мырза облыстағы шаруашылық жайын жіті қадағалап отыр.

Елбасының Павлодар облысына жасаған сапарынан соң Қанат Бозымбаев әкімдер көшінде төртінші орынға көтерілді.

Үздік бестікті Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев түйіндеп тұр.

Негізгі топқа енген әкімдер қатарында Бердібек Сапарбаев (ШҚО) Бақтықожа Ізмұзамбетов (Атырау облысы),  Кәрім Көкірекбаев (Жамбыл облысы), Нұрлан Ноғаев (БҚО), Архимед Мұхамбетов (Ақтөбе облысы), Нұрмұхамбет Әбдібеков (Қарағанды облысы) бар.

Ал аутсайдерлер тобына Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов және Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов енді. Ескере кететін жәйт, СҚО әкімі Сұлтановтың облыс басшысы қызметіне кіріскендігіне небәрі бес-ақ ай болды.

0 пікір
Мұрағат