Тамақ қалдықтарынан биологиялық газ алуды ұсынды
Тамақ қалдықтарынан биологиялық газ алуды ұсынды
9 жыл бұрын 5219

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы университетінің студенті Дәукен Сейтқали тамақ қалдықтарынан биологиялық газ алуды ұсынды. Жоба авторының айтуынша, мейрамханалар мен кафелердің 95 пайызы тамақ қалдықтарын қоқысқа тастайды. Онда тамақ қалдықтары бұзылып, зиянды заттар мен парникті газдар бөледі. Осылайша қоршаған ортаны ластап, адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Әрі ғаламдық жылыну процесін жылдамдатады. Студент биогазды өндіретін кәсіпорындардың энергияға мұқтаж елді-мекендер маңында орналасу керектігін алға тартты. Оның айтуынша, көптеген қоғамдық тамақтандыру орындары бірігіп жұмыс істеуге әзір. Дәукен Сейтқали мұндай тәжірибенің Еуропада бұрыннан қолданылып келе жатқанын жеткізді. Студенттің ұсынып отырған технологиясы тамақ қалдықтарын өңдеуден тұрады, дәлірегі, тамақ қалдықтары анаэробтық ашу сатысынан өтеді де ол бактерияның ықпалымен іріп-шіритін болады, міне, осы сәтте метан биогазын бөледі. Бұл газ өз кезегінде табиғи газға ұқсас келеді. Биогазды өндіру барысындағы қалған массаны тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Тамақ қалдықтарын өңдеуден өткізу кешені шамамен 100 мың доллар тұрады. Оның қуаты тәулігіне екі мыңға жуық текшеметр биогазын алуға мүмкіндік береді. Студенттің басына бұл ой қайдан және қалай келгені де қызық. Ол Алматы қаласында даяшы болып жүргенде қаншама тағамның рәсуа болатынын өз көзімен көрген: «Орташа есеппен алғанда әр адамға 100 грамм тамақ қалдығынан келеді екен. Ал Алматыда мұндай орындар мыңдап саналады. Мені бұл мәселенің аса ауқымдылығы таңқалдырды. Өйткені, осынша тамақты жасауға қаншама энергия мен су кетеді десеңші. Ал жерде мұндай ресурстар тез таусылып барады»,- деді ол ағынан ақтарылып. Айта кетейік, тамақ қалдықтарынан биогаз алуға мүмкіндік беретін стартап «Өз бизнесіңді құр» байқауына қатысады. Жеңімпаз 100 мың доллар жүлдеге ие болады. Өтінішті қабылдау ақпан айының 1-і күні тоқтатылды. Гран иесінің есімі ақпанның 15-і күні белгілі болады.

0 пікір
Мұрағат