Соңғы жылдарда Қазақстанда қылмыстың азаюы байқалды
|
Соңғы жылдарда Қазақстанда қылмыс санының азаюы байқалды. Бұл туралы ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Б. Ермекбаевтің, Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Е.А. Кененбаевтың қатысуымен ІІМ алқасының кеңейтілген отырысы болып өтті. Алқа отырысында 2014 жылғы қызмет қорытындылары, таяу уақыттарға арналған ішкі істер органдарының басым міндеттері, сондай-ақ ішкі істер органдарындағы тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайы талқыланды.
Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, алқа отырысы Ішкі істер министрі Қ.Н. Қасымовтың төрағалығымен ІІМ орталық аппараты мен комитеттері, өңірлік ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттері жеке құрамының, сондай-ақ Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшыларының және ведомстволық оқу орындары басшыларының қатысуымен өтті.
Қалмұханбет Қасымов өткен жылы ІІМ реформалау жөніндегі іс-шараларды іске асыруда елеулі кезең болғанын атап өтті. Заманауи талаптарға сәйкес ішкі істер органдарының жаңа жүйесінің негізі қаланған «Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданды. Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын және құқық қорғау органдарының кадрлық саясатының тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жүргізілді.
Министр хабарлағандай, есепке алу-тіркеу саясатын қатаңдату нәтижесінде қылмыстарды жасырудың бұрыңғы практикасы түптамырымен жойылды.
Соңғы жылдар ішінде алғашқы рет қылмыстың төмендеуі байқалды. Бірқатар қылмыс түрлері қысқарды, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, басқа ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ кәмелетке толмағандар, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар, көшелерде жасалатын қылмыстар азайды.
«Қылмыстың төмендеуінен қылмыстардың ашылуы, жәбірленушілердің бұзылған құқығын қайта қалпына келтіру жөніндегі біздің негізгі міндетіміз шешілді»,- деп атап өтті Қ.Қасымов. Қылмыстың басым түрлерін, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жақсарды.
Министр ІІМ жүйесінің ағымдағы жылғы қызметі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа жол» Жолдауында белгіленген ауқымды міндеттерді нәтижелі іске асыру үшін жағдай туғызуға, қызметтер мен бөліністердің жедел-қызметтік жұмыс көрсеткіштерін төмендетпей, қылмыстар туралы барлық өтініштер мен арыздарға мүлтіксіз жедел ден қоюды қамтамасыз ете отырып, қылмыстық заңның және қылмыстық сот өндірісінің жаңа үлгісіне ауысуды жалғастыруға бағытталуы тиіс екеніне назар аударды.
ІІМ алқа отырысының қорытындысы бойынша министрліктің орталық аппаратының және өңірлік департаменттердің қызмет басшыларына өзге де қаралған проблемалар бойынша нақты тапсырмалар берілді.