Шымкенттік кәсіпкер тұрғындарға жұма сайын тегін нан таратып жатыр
Шымкенттік кәсіпкер тұрғындарға жұма сайын тегін нан таратып жатыр
9 жыл бұрын 3755

Шымкенттегі дүкендердің бірінде жұма сайын тегін нан таратылады. Мұндай бастаманы жергілікті кәсіпкер Еркін Ахметов қолға алған, - деп хабарлайды Otyrar.kz.

Басылымның мәліметінше, дүкен иесі бұл қайырымдылығын 1 қаңтардан бастаған. Ол табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды жөн көріпті. "Жұманы таңдаған себебіміз, бұл мұсылмандар үшін қасиетті күн. Бірақ, біз адамдарды дініне қарап бөлмейміз. Жұма күні кім келсе де тегін нан алып кетеді", - деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, акция басталғалы бері тегін нанға құмартқандар күрт көбейген. Ол жиырма нан алып кеткісі келетіндердің де бар екенін айтты. Сол үшін кәсіпкер бір адамға екі бөлкеден артық бермеуді шешіпті. "Бүгінде жағдай біраз қалыпқа келді. Біз өз клиенттерімізді танып алдық. Дегенмен, бұрын көрмеген адамдар да келіп тұрады. Таңертеңгі 9-дан кешкі сағат 9-ға дейін 300-400 бөлке нан таратамыз", - деді Еркін Ахметов.

Бір қызығы, жұма күні дүкенге келгендердің барлығы бірдей тегін нан алып кетпейді екен. Өзін көмекке мұқтажбын деп есептемейтіндер бөлке нан үшін 40 теңге төлеп кетеді.

2 пікір
Мұрағат