|
ШҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 25-ке жетті
|
KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 25 ауыл халқы ішімдіктен түбегейлі бас тартты.
Алтай ауданындағы Селезневка елді мекенінің тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Бұл бастаманы кәсіпкерлер де қолдаған. Олар ауылдастарының ұсынысымен келісіп, спиртті ішімдіктерді сатуды өз еріктерімен тоқтатты.
Тұрғындардың айтуынша, негізгі мақсат — қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрмыстық жанжалды азайту.
— Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылы «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын қолдаған 21 ауыл болса, биыл олардың саны 25-ке дейін жетті. Қазірдің өзінде осы ауылдарда әлеуметтік жағдайдың жақсарғаны және құқық бұзушылықтар санының азайғаны байқалып отыр, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе облысында 40 ауыл ішімдіктен бас тартқаны хабарланған.
Ботакөз Кенжеханқызы
Ақтөбе облысында 40 ауыл ішімдіктен бас тартты
KAZINFORM – Өңірде ішімдіктен бас тартқан ауыл саны былтыр 35 болған. Биыл тағы 5 ауыл тізімге енді.
– Жүргізілген талдау кейінгі 5 жыл ішінде бұл ауылдарда қылмыс деңгейінің тұрақты түрде төмендегенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар бірқатар ауданда бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Атап айтқанда Алға, Хромтау және Қарғалы аудандарында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан ауылдар саны әзірге аз, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полиция Шалқар ауданының Шетырғыз ауылы 2020 жылы ішімдіктен бас тартқанын хабарлады. Бұл ауылда кейінгі 6 жылда қылмыс тіркелмеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысында 24 ауыл, СҚО-да 35 ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартты.
Алтынай Сағындықова