Шетелдік жұмысшыларға арналған квоталар экономика салалары бойынша бөлінеді
Шетелдік жұмысшыларға арналған квоталар экономика салалары бойынша бөлінеді
8 жыл бұрын 2785 7kun.kz

Қазақстанға келетін шетелдік жұмысшылардың жыл сайынғы шекті саны экономика салалары бойынша бөлінеді. Аталмыш жаңашылдық 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет етеді деп жазылған ҚР Премьер-министрінің сайтында.

«Жыл соңына дейін Қазақстанның экономикалық белсенді  халқының санына байланысты квота (бұл елімізге тартылуы тиіс шетелдік жұмысшылардың шекті саны) әзірлейміз. 1 қаңтардан бастап  экономика салаларына байланысты квотаны бөлетін боламыз. Себебі, қазір жеке салалар шетелдік азаматтарды көптеп тартып отыр, ал жыл соңында шетелдік күшті  қажет ететін кейбір салаларда квотаның аз бөлігі ғана қалады. Біз жұмыс берушілер мен мердігерлердің ұсыныстарын қабылдай отырып, жыл сайын шетелдік жұмыс күшіне сұраныс салалар бойынша анықталатынын белгіледік», — деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ҚР СІМ-дегі брифинг барысында.

Т. Дүйсенованың айтуынша, шетелдік жұмысшылар бұрынғыдай ҚР СІМ және бүкіл әлем бойынша қазақстандық шетелдік мекемелер беретін визалар арқылы елге келетін болады. Сондай-ақ, қызметкерлер  бұрынғыдай ішкі істер органдарындағы тіркеуден өтеді.  Шетелдік жұмысшыларға қойылатын талап, олар кәмелеттік жасқа толған болуы керек, сонымен қатар нақты бір қызметпен айналысу үшін білімнің шартты деңгейіне, біліктілікке, тәжірибеге және қабілеттерге ие болуы тиіс. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру мен сотталмағандығын растайтын құжат болуы керек.

0 пікір
Мұрағат