«Шала қазақтар» саны анықталды
«Шала қазақтар» саны анықталды
5 жыл бұрын 3221 aikyn.kz Ерік Ерденов

«Айқын» газетінің маусым айының 9-ы күнгі са­нында «Мәдениет тілден неге «ажы­расады?» атты сарап­тама жарияланды. Онда Қа­зақстан­дағы мемлекеттік тілді мең­герген халықтың үлесі 90%-ға дейін жетіп қалды деген ресми мәліметке шүбә келтірілді. Қоғамда күмән туындауына байланысты Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова түсініктеме берген. 

Ведомство басшысының ай­туын­ша, бұл – қазақстан­дықтардың тоқсан пайызы қазақ тілінде сай­рап тұр дегенді білдірмейді. Назар аударыңыз: қазақтарды және қазақшасы түзу өзге этнос өкіл­дерінің бәрін қоса алғанда, Қазақстанда мемлекеттік тілді жетік білетіндер үлесі халықтың жартысына да жетпейді!

«Ең алдымен айтарым, 2019 жылғы 31 желтоқсанда Үкі­мет қаулысымен бекітілген Қазақ­станда тіл саясатын іске асыру­дың жаңа бесжылдық мембағдар­ла­масында «Мемлекеттік тілді мең­герген тұрғындар үлесі» деген ны­саналы индикатор бар. Дәл осы ин­дикатордың көр­сетк­іші Мәдениет және спорт министр­лігінің мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарына кіретін көрсет­­кіштерін есептеу және қалыптас­тыру әдістемесіне сәйкес айқында­лады. Ол үшін әлеуметтік зерттеу, сауалнама жүргізіледі», – деді министр.

Оның мәліметінше, тұрақты жүргізіліп келе жатқан зерттеу нәти­жесінде 2019 жылы бұл көр­­сеткіш 90%-ға жетті деп таны­лыпты.

«Бұл ретте 90% дегеніміз – мем­лекеттік тілді әртүрлі дең­гейде мең­герген республика тұр­ғындарының жалпы көлемі екенін ескерген жөн. Тарата айтсақ, соның ішінде мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде білетін қазақстандықтар үлесі тек 43,1%. Тағы 12,7%-ы  қазақ тілін­де еркін сөйлейді, соның ішін­де кәсіби лексикасын да меңгерген. 22,9%-ы қазақша тәп-тәуір тілдеседі, жазады, оқиды. 5,7%-ы мемлекеттік тілде сөйлеп, оқи алады, бірақ жаза алмайды. 5,6%-ы шамалы сөйлеп, ойын түсіндіре алатындар», – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Яғни, Қазақстан азамат­та­рының шынында жартысына жуы­ғы ғана қазақ тілін жетік біледі екен. Қалғаны – әзілқойлар «ша­лаказахский» деп атайтын деңгейде ғана меңгерген. Ойын мемлекеттік тілде толық жеткізе алмай, орта жолда орыс тіліне көшетіндер де солар.

Ендеше «қазақстандықтардың 90 пайызы тіл біледі» деп өзімізді-өзіміз алдамай, неге жақсы біле­тіндердің ғана статистикасын жүргізбеске?

«Осы төңіректе туындаған сұ­рақ­тарға нақты жауап беру үшін жаңа бағдарламаға «Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі» деген нақты нәтиже көрсеткіші енгізілді. Соған сәйкес қазақстан­дықтардың осы үлесін 2020 жылы 52,5%-ға жеткізу жоспарланған», – дейді Мәдениет және ақпарат министрі.

Ал биылғы күзде жүретін жал­пыұлттық халық санағы қанша азаматтың өмірде және істе мем­лекеттік тілді қол­данатынын нақты айқындап беруі тиіс. Санаққа тиісті сұрақ­тар қосылды. Әйтпесе, тілді білгенімен, қолданбайтын қазақ қаншама?!

0 пікір
Мұрағат