Шағын ауылда 50 батыр ана тұрады
Шағын ауылда 50 батыр ана тұрады
9 жыл бұрын 4000 24.kz

Қазыналы Қаратаудың етегінде Теректі деген мекен бар. Бүгінгі жұрт оны текті ауыл деп атайды. Алақандай ауылда 50 батыр ана тұрады. Ақ жаулықты аналардың дені сексенді алқымдаса, ең жасы 30-дан енді асқан. Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылдағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін аналардың алдында бас иіп, мерейлі мерекесімен құттықтауды игі дәстүрге айналдырған. Қалдарбековтер әулеті өзгелерге еңбекқорлығымен, өсіп-өнген отбасы екендігімен құрметті. Ұл-қыздарын еңбекпен тәрбиелеген Мейіркүл әжей – ауылдың дамуына да үлес қосқан жандардың бірі. Ол 19 жасында қара шаңыраққа келін болып түскен. Бұзау бағып, бидай орған. Тіпті үздіктер қатарынан да көрініпті. Ол жас кезінде оқи алмағанын айтады. Алтын құрсақты ананың ұрпағы бүгінде бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Қыздарының алды алтын құрсақты ана атанды. Әжей перзенттерімнің барлығы жиналса, үйге сыймай қаламыз деп отыр. Мейіркүл Қалдарбекова, батыр ана: - Бүгінгі ұрпағыма ризамын. Менің 29 немерем, 12 шөберем бар. Сегіз баламнан осындай ұрпақ тарады. Ал Әшіркүл әжей 80-нің сеңгіріне шықса да, жұмыстан қол үзген емес. Әрдайым өмірден көрген, көкейге түйгенін немерелері мен балаларына үйретіп отырады. Он төрт құрсақ көтерген әжейдің үлкен ұлы 60-тан асыпты. Жастайынан еңбекке араласып өскен жан берекеге тынымсыз еңбектің арқасында ғана қол жеткізуге болады деп есептейді. Әшіркүл Көмекбаева, батыр ана: - Жасымнан барлық жұмысты үлгеріп істедім. Қазіргі жастар баланы шектейді. Біз баланы шектемей, алланың бергенін дүниеге әкелдік. Бірлігі жарасқан ауылдағы ер азаматтар әр мереке сайын алтын құрсақты аналардың үйін аралап, құттықтап отыруды дәстүрге айналдырған. Шағын ғана Теректі ауылда көпбалалы 50 отбасы бар. Бүгін әрбір шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған аналар алғыс арқалып, ер азаматтар мен немерелерінен сыйлық алды. Еліміздегі жарық дүние есігін ашатын әрбір бесінші сәби оңтүстікте дүниеге келеді. Демографиялық өсімі жоғары өңірде мыңдаған батыр ана бар. Соның басым бөлігі табиғаты әсем Қаратау қойнауы мен бұлақтың бастауы Бәйдібек ауданында тұрады. Оның тең жарымы – дүниеге 7 баладан артық сәби әкелген алтын құрсақты аналар.

1 пікір
  • Оңтүстікте кемі 4-5 балалы болуды қалайды. Адамдарына ризамын, қорықпай Аллаға тәуекел деп ұрпақтарын көбейтіп отыр.
    9 жыл бұрын
Мұрағат