Саусақ орнына сым байлаған күйші Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту жасады (видео)
Саусақ орнына сым байлаған күйші Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту жасады (видео)
8 жыл бұрын 4099 24.kz А.Мауданов, Е.Мұхамедияров

Қостанай облысында қолынан айырылса да, домбырасын тастамаған дәулескер күйші тұрады. Ол – Амангелді ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Айтбай Мұздаханов. Өндірістік жарақат алып, оң қолы шынтағынан кесілген дарынды азамат «тауқымет көрдім» деп, жасыған емес. Керісінше, шабытын шыңдай түсті. Айтбай Мұздахановтың шаңырағы мейманнан босаған емес. Бәрі де дәулескер күйшінің домбырасының үнін тыңдап, өнегелі сөзін естуге құмар. Тағдыр оның қолын кескенмен, өнердегі жолын кесе алған жоқ. 1977 жылы 36 жасында өндірістік жарақат алған күйші араға 9 жыл салып, саусақ орнына сым жалғап, шығармашылыққа құлшына кірісті. Айтбай Мұздаханов, күйші: - «Елім-ай» деген күй, «Ару арман» деген күй, «Қаратау» деген күй. Кешегі жоңғарлардың шапқыншылығында Қаратауды мекендеп, көп адам аман қалған екен. «Бозтайлақ» – жетім қалған балалардың зары туралы күй. Сол сияқты 4-5 бес күй қатар шықты да, 8 күймен «Бабалар үні» деген топтама жаздым. Шалғай ауылдағы өнерпаз ешқашан қоғам өмірінен шет қалған емес. Еліміз Тәуелсіздік алғанда алғашқы өз туындысын тарту етті. Сондай шығарманың бірі – «Көкейкесті, Айтбайдың сарыны». Айтбай Мұздаханов, күйші: - 1992 жылы дүние жүзі қазақтарының құрылтайы болды ғой. Сонда Нұрғиса ағама кездесіп қалдым. Ол кісі: «Мұны қой, мұнда сенің өзіңнің де зарың бар, «Айтбайдың сарыны» деп тарт», - деді. Шығармашылығы көпті тәнті еткен Айтбай Мұздахановтың замандастары азаматтығын да айрықша қадірлейді. Әбдіқадыр Әбілтаев, қала тұрғыны - Айтбайдың әртүрлі тақырыптарда ел, жер, замандастар тұлғасы, өмірде болып жатқан жаңалықтарды өзінің шығармасында бейнелеуі жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге тиіп жатқан үлкен пайдасы бар деп есептейміз. Бүгінде Айтбай Мұздахановтың алпыстан астам күйі, қырыққа тарта әні бар. Олардың бәрі «Бабабар үні» жинағына енген. Туындылары түрлі сахналарда орындалып, шәкірттері байқауларда топ жарып жүр. Елжанды азамат Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап, «Елім менің» атты шығармасын жазып шықты.

 

0 пікір
Мұрағат