Сарапшы: Теңгенің нығаюы уақытша сипатқа ие
|
«Қазкоммерц Секьюритиз» АҚ Активтерді басқару департаментінің директоры Айвар Байкенов теңгенің айырбас бағамы төңірегіндегі жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің пайымдауымызша, теңгенің нығаюы уақытша сипатқа ие. Бұл екі фактормен байланысты орын алды. Біріншісі, мұнай нарығындағы қолайлы әрі тыныш ахуал. Көріп отырғанымыздай, мұнай бағасының минималды ауытқуы барреліне 55-57 доллар диапозонында ғана болып тұр. Екіншісі, ірі салықтық төлемдер, оның ішінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша корпоративтік табыс салығын төлеу. Бұған қоса, ақпан айында шикізат экспорттаушылар өздерінің жеке салықтарын төлейді. Екі фактор та таяу уақытта өзінің ықпалын жоғалтады. Салық кезеңі аяқталады. Ал АҚШ-та тақтатас мұнайы секторының қарқынды қалпына келуін ескерер болсақ, мұнай бағасының құлдырауы мүмкін екендігі анық», - дейді Байкенов.
Оның пікірінше, мұнай бағасының одан ары көтерілуіне ешқандай себеп жоқ. Бұған қоса, ол барреліне 50-53 долларға дейін арзандауы да мүмкін. Сондай-ақ, сарапшы қысқа мерзімді перспективада ұлттық валюта бағамына кері әсерін тигізуі мүмкін тағы да 3 фактордың бар екендігін баса айтты.
«Біріншісі, РФ Ұлттық банкінің валютаның одан ары нығаюына және базалық ставканың одан ары төмендеуіне жол бермеуге ресейлік биліктің құлшынысы аясында рубльдің әлсіреуі. Екіншіден, біздің ақша-несиет саясатымызды жеңілдету де теңге ұстанымын әлсіретуі мүмкін. Ставкалардың құлдырауы теңгелік активтердің тартымдылығын төмендетеді. Үшіншіден, теңге бағамының қазіргі деңгейін ескерсек, банктердің, бизнестің, халықтың шетелдік валютаны сатып алуы қайта күшейеді. Ал мұның барлығы бағамның 1 долларға 330-335 теңгеге дейін немесе 3-4 пайызға уақытша әлсіреуіне әкеледі», - деді ол.