Сақтандыру нарығы: өміріңіз қанша тұрады?
Сақтандыру нарығы: өміріңіз қанша тұрады?
4 жыл бұрын 3545

Пандемиядан соң өмір салтымыз өзгереді дегенді жиі айтатын болдық. Оның қандай өзгеріс екенін санамаласақ, саусақ аздық етеді. Бас­тысы, адамдар өмірі мен денсаулығына бейжай қа­ра­­­майтын болады.  Мысалы, сарапшылар қазақстандықтар сақ­тандыру саласына назар аудара бастайтынын айтады. Ал сақтандыру саласында қандай өзгеріс болып жатыр? Пан­де­мия бұл салаға қалай әсер етті? Біз қарапайым ха­лықтың на­зары түсе бермейтін саладағы өзгерістерді саралап көрдік.

Пандемияның пәрмені жетпеген сала Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, пан­демия сақтандыру секторына бәлендей ауыр тимегенін көреміз. Себебі биылғы қаң­тар-мамыр айларында еліміздегі сақтандыру компанияларының кірісі 212,1 млрд теңге болған. Таза пайдасы – 58,5 млрд теңге, бұл былтырға қарағанда 93,2 пайызға көп.  Биыл  көлік жүргізушілердің жауапкер­ші­лігін міндетті сақтандырудан түсетін та­быс алғаш рет азайды. Бұл халықтың көлік сатып алу көрсеткішінің төмендеуіне бай­ланысты. Сол сияқты сақтандырудың басқа түр­лерінің кірісінде өзгерістер байқалды. Ол туралы сәл кейінірек.  Бүгін­­де­рі елімізде 28 сақтандыру компаниясы жұмыс істейді, соның ішінде «Еуразия»,  «Виктория», Halyk-Life компаниялары табысқа кенелді, ал Freedom Finance Insuranceпен «Астық сақтандыру компаниясының» шығыны ақталмады. Жалпы, сақтандыру секторы туралы айтпас бұрын, аз-кем кіріспе жаса­ған жөн секілді. Себебі сақтандырудың  түр-түрі бар. Әдетте сақтандыру түрлі   қауіп-қатерден сақтану үшін жасалады. Оның міндетті және ерікті түрі бар. Міндетті сақтандыру заңда бекітілгендіктен, орын­дауға міндеттіміз. Ал ерікті сақтандыру өзіңіз­ге байланысты. 

Бизнес сақтандыруға бейілміз бе? 

Бизнес бастау қай кезде де үлкен тәуекелге бел бууды талап етеді. Себебі алда күтпеген жағдай кез болады, мысалы тілсіз жау, кассаны тонау, бизнес мүлкіне зиян келтіру. Мұндай жағдай бизнесті жабуға түрткі болуы да мүмкін. Сондықтан компанияның мүлкін сақтандыру қажет-ақ. Бұл Қазақстанда кең таралған тәжірибе екен. Әрине, сақтандырудың бұл түрі бизнесті өрт пен судан, қа­рақшыдан қорғамайды. Бірақ сон­дай оқиғадан соң, сақтандыру төлемі арқылы шығынды жауып, кәсіпті жалғастыруға болады. Осы тұста бір қызық дерек. Есте болса, осыдан бірер ай бұрын АҚШ-та афроамерикалық Джордж Флойдтың қазасына байланысты 24 штатта тәртіпсіздік басталып, полицияға наразы жұрт дүкендерді де қиратып тастады. Сол оқиғалар кезінде Target Corporation компа­ниясының АҚШ-тағы 149 дү­кені тоналды. Бұл дүкендердің Қа­зақстанға қатысы қанша дерсіз. Қатысы бар, себебі аталған компа­ния біздің елдегі сақтандыру ком­­па­ниясының клиенті болып шық­ты. Алдын ала мәлімет бойынша, шығын көлемі 50-100 миллион долларды (20,7-41,5 миллиард теңге) құрауы мүмкін. «Еуразия» сақтандыру компаниясы 2020 жылдың соңына қарай дүкендер жұмысын жалғастыруы үшін келген шығынды төлемек. Target Corporation-ның АҚШ-тың барлық штатындағы дүкендер саны 1 900-ден асады, 360 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Бұл оқиға біздің бизнес сек­торға сабақ болуы мүмкін бе? Жалпы, елімізде пандемиядан кейін бизнесті сақтандыруға деген ниет бар ма?

«Халықтың кірісі азайды, биз­нес­тің де басым бөлігі жұмысын тоқ­татып тұр, сауда үйлері де ка­рантин режимінде. Сондықтан ша­ғын және орта бизнес иелері биз­­несін сақтандыруға бара­ды деп ойламаймын. Ірі биз­нес өкіл­дері ғана бизнесін сақтан­ды­руы мүмкін», – дейді Қазақстан сақтан­дырушылар қауымдасты­ғының төрағасы Виталий Веревкин.

Ал қаржыгер Жалғасбек Ақболат бизнесмендер сақтан­ды­руға баса назар аудара бастайды деген пікірде.

«Пандемия кезінде көш бастап тұрған сала – бизнесті сақтандыру. Осы уақытқа дейін елімізде 1 млн 600 мың бизнес субъектісі болды, оның 300 мыңнан астамы жұмысын тоқтатқан. 1 млн бизнес субъектісіне пандемия кері әсерін тигізген. Олардың арасында табыс­тан қағылып отырғандары да бар. Сондықтан алдағы уақытта бизнесті сақтандыру үлкен үрдіске енеді. Пандемия банкроттыққа катализатор сияқты әсер еткен­дік­тен, бизнес субъектілері сақтан­дыруды өзінің объектісі ретінде қарастырады», – дейді.

Ал жалпы, бүгіндері кәсіп­кер­лік қызмет үшін міндетті сақтан­дырудың ең көп тарал­ған түрі – жұмыскерлерді жазатайым жағдайлардан міндетті сақтан­дыру. Кез келген жұмыс беруші жыл сайын жұмыс кезінде қыз­меткерлерді жазатайым жағдай­лардан сақтандыруға тырысады. Себебі, қызметкері өзінің кәсіби қабілетін жоғалтса немесе жұмыс кезінде қайтыс болса, сақтандыру компаниясы келтірілген залалды өтейді. Егер компания қызметкерін сақтандыру келісімін жасамаса, оған ірі көлемде айыппұл салынады. 

Өмірін сақтандырушылар көбейсе де…

Шет мемлекеттерде танымал адамдар өмірін сақтандырады, футболшылар аяғын, әншілер дауы­сын сақтандырады. Ал қа­зақстан­дықтар сақтандырудың бұл түріне аса құлықты емес. Неге?

Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, сақтандыру біздің елде енді-енді дамып келе жатқан сала. Өйткені сақтандыру мәдениеті өмір сүру салтымызға енбеген.

«Біздің өмірімізге несие алу дендеп кірді. Ал сақтандыру олай ене қой­мады. Азаматтар сақ­тан­дырудың маңызын түсінсе, бұл процесс жедел жүрер еді. Пан­демияға байланысты біршама алға жылжу бар. Себебі коронавирустан көз жұмғандардың тағдыры өзге­лерге өмірді сақтандыру туралы ой салып жатыр», – дейді қаржыгер.

Оның үстіне, өмірді сақтандыру үшін де халықтың төлем қабілеті болуы керек. Сондықтан да ол біз үшін басты қажеттілік емес. Бірінші кезекте біз үшін тамақ, киім-кешек, баспана, көлік, дәрі-дәрмек, білім және несие төлемдері маңызды. Мұның бір дәлелі, S&P Global Ratings мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстандағы өмірді сақтандыру құны жан басына шаққанда 14 долларды құрады, бұл көрсеткіш 2017 жылы 11 доллар болған екен. Қазақстандағы өмірді сақтандыру шығыны Франция, Италия және Норвегия сияқты дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен, себебі аталған елдерде жан басына шаққанда өмірді сақтандыру шығыны 2 мың доллардан асады. Ал Түркия, Тунис және Кения сияқты дамушы нарықтармен (15-17 доллар) қатарласпыз.

Қысқасы, көрпемізге қарай көсілеміз. Сондықтан орташа жа­лақыдан жоғары табыс таба­тын­дар өмірін сақтандыруға бел байлайды. Олар үшін сақтан­дыру компаниялары Өмірді сақ­тандыру полисіне коронавирус инфекциясынан сақтандыру графасын енгізіп үлгерген.

 Ал Виталий Веревкин өмірді сақтандыруға адамдар мүдделі болғанымен, сақтандыру ком­па­ния­лары мүдделі болмауы мүмкін деп санайды. «Себебі олар үшін бұл үлкен тәуекел» дейді ол. 

 Сақтандыру полисі қандай құжат?

Nomad Life сарапшылары адам­дардың өмірін сақтандыруға тәуекел етпеуінің қаржылық сауат­қа қатысы жоқ деп санайды. Ең негізгі себеп – өмірді сақтан­дыру компанияларының халық үшін сақтандыру өнімдерін кеңей­туге деген ниетінің жоғына бай­ланысты. Бұл сөздің жаны бар. Себебі Nomad Life компаниясы – жинақтаушы сақтандыруды АҚШ долларымен ұсынатын жалғыз компания. Оның Zoloto nomadov өнімі үшін қойылған мөлшерлемесі (3,41% –15 жылға дейін) өмірді сақтандыру бойынша белгіленген ең жоғары көрсеткіш саналады екен.

Қалай десек те, S&P Global Ratings 2019-2020 жылдары Қа­зақстанда жан басына шақ­қандағы өмірді сақтандыру шы­ғыны шамамен 17 долларды құрайды деген болжам жасады. Бұл болжамның дұрыс-бұрысын уақыты келгенде көреміз. Ал әзірге белгілі бір дерек – өмірді сақтандырушы компаниялар да табысқа кенелген. 

Ұлттық банктің дерегіне сүйен­сек, өмірді сақтандыру сег­мен­тіндегі сақтандыру компа­ния­ларының қаңтар мен мамыр айында жинаған сақтандыру жарнасы 27,5 млрд теңгені құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,1 пайызға көп. Өмірді сақтандыру саласында 8 компания жұмыс істейді. Соның үшеуі осы нарықтың 93 пайызын қамтып отыр. Соның ішінде Halyk-Life компаниясының үлесі 40,8 пайызды құрайды, бұл 11,2 млрд теңге деген сөз. Бірақ бұл былтырға қарағанда 9,2 пайызға аз ақша екен. Одан кейінгі орында NOMAD Life (7,9 млрд теңге) пен «Еуразия сақтандыру компаниясы» АҚ (6,5 млрд теңге) тұр.

Әлгі 8 компания аталған мерзімде клиенттері үшін 151 млрд теңге сақтандыру төлемін төлеген. Бұл өткен жылдағыдан 74,5 пайызға артық төлем. Осы төлемдердің 98 пайызын жоғарыда атаған үш компания төлепті. Мысалы, NOMAD Life 695,3 млн тг төлеп, былтырға қарағанда 7,6 пайызға шығындалған. «Еуразия сақтандыру компаниясы» (523,2 млн тг) мен «Халық-Life» (273,2 млн тг) ком­паниялары былтырға қарағанда қатты шығынданбаған. Бұл қыз­меткері мен жұмысшысының қауіп­ті еңбек орнында жазатайым жарақат алуынан сақтандыру үшін жасалған шарт негізінде төленген төлемдер. Ал қазақстандықтар ара­сында ерікті түрде өмірін сақ­тандыратындары жоқтың қасы.

Сақтандыру саласына шолу жасай отырып, сақтандыру по­лисі­нің ақша жинақтауға тап­тырмас құрал бола алатынын тү­сіндік. Иә, бүгіндері ақша жи­­нақ­­тайтын жалғыз құрал – депозиттер. Егер депозиттердің мөл­шерлемесі төмендеп жатса, өмірді сақтандыру өнімдеріне қаржы құюға болады. Тағы бір деталь – бүгіндері қаржылық қиын­дыққа ұшырағандар несие алуға жүгіреді. Ал егер сақтандыру полисіңіз бар болса, осы полисті берген компаниядан несие алған­да кепіл ретінде пайдалануға болады. Сақтандыру полисіне қатысты жеке ақпарат заң арқылы қорғалған, яғни сақтандырылған сома Азаматтық кодекске сәйкес жария етілмейді, ал құқықтық дау туындаған жағдайда үшінші тұлғалар оны талап ете алмайды. Ең бастысы, әрі ең қызығы, сақ­тан­дыру сомасы тәркілеуге және дек­ларациялауға жатпайды. 

халима

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ 

aikynkz

0 пікір
Мұрағат