Рахым Ошақбаев қолданыстағы заңнамаға «заңсыз баю» туралы бап енгізу керектігін айтты
Рахым Ошақбаев қолданыстағы заңнамаға «заңсыз баю» туралы бап енгізу керектігін айтты
4 жыл бұрын 3112

«Мемлекеттік қызметкерлердің шалқып өмір сүруі халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатқанына иландырмайды. Заңсыз байығандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек», - деді ол.

Әлемдік экономика және саясат институты TALAP қолданбалы зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізген ғылыми-тәжірибелік зерттеу қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселесі тілге тиек етілген шарада әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сабина Садиева, кез келген әкімшілік реформа барысында адам капиталын дамытуға басымдық берілуі тиіс екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, елімізде мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметкер көп.

«Бізде орталық деңгейде көрсетілетін 4 500 мемлекеттік қызмет түрі бар. Өкініштісі, олардың дені бірін-бірі қайталайды. Бюджет шығысы, мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік басқару жүйесіне байланған. Бұлардың барлығын автоматтандыру қажет. Қазір адамдарды емес, үдерісті басқару керек», - деді сарапшы.

Сабина Садиеваның сөзінше, бюджеттің тиімділігін арттыру үшін қаржы министрлігінің бюджетті электронды форматқа көшіру бастамасын қолдасақ, артық жұмыстан арыламыз. Осылайша, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеміз.

Ал TALAP қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев заңсыз баюға жол беруге болмайтынын баяндады.

«Мемлекеттік басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты қолданыстағы заңнамаға заңсыз баю туралы бап енгізгенде ғана жеңуге болады. Лауазымды тұлғалар дүние-мүлкін қалай тапқанына қатысты есеп бере алмаса, тапқан табысына сай өмір сүрмесе, ерекше қымбат көлікпен жүрсе, жеке ұшақпен ұшса, құқық бұзған болып саналуға тиіс.

Мемлекеттік қызметкерлердің шалқып өмір сүруі халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатқанына иландырмайды. Заңсыз байығандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Сонда қоғамда әлеуметтік әділдік орнайды», – деді Рахым Ошақбаев.

Оның сөзінше, біз еліміздегі сыбайлас жемқорлық индексін шетелдік сарапшылардың дерегіне сүйеніп жасаймыз. Олар үнемі объективті пікір білдіреді деп ойлау дұрыс емес. Сондықтан еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың индексін өзіміз анықтауымыз керек.

0 пікір
Мұрағат