Қызылордалық жас өнертапқыш Жұлдызай Мұңайтбасова «Zhalyn» өртті алдын алу ақпараттық жүйесін жасап шықты. Бұл жүйе ірі өрттерді болдырмауға бағытталған.
Ақпараттық жүйе халықтың орман өрті туралы хабардар болуына арналған экологиялық жоба ретінде бағаланып отыр. Мақсаты - еліміздегі орман өрттерінің жойқын әсерін барынша азайту.
Жұлдызай Мұңайтбасова Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқиды.
«Бұл кешенді жүйе ең алдымен сезгіш құралдар арқылы сала мамандарына орман жағдайы, аумағы, қай аймақта болып жатқаны туралы ақпарат береді. Содан кейін мамандар сол аймаққа барып орман деңгейін анықтай алады. Сондай-ақ, радио толқындар интернетке ретранслятор арқылы айналып, жергілікті халыққа ақпаратты платформа және сервер арқылы жібереді. Осылайша барлық адам алғашқы сатыда өртті анықтап, жұмыла жұмыс жасауына мүмкіндігі бар. Ол экономикалық, әлеуметтік шығынды азайтады. Артықшылығы - бұл өртті алғашқы сатыда анықтайтын жүйе. Жүйе анықтауға, алдын алуға, жұмыс жасауға жол ашады. Нақты іске асыру үшін бізге қазіргі таңда серіктестік қажет. Үкімет, төтенше жағдайлар министрлігінен қолдау жасалса деген ұсыным бар. Содан кейін жобаны нарыққа шығарып, іске асыруға болады», - дейді Жұлдызай Мұңайтбасова.
Өрт туралы ақпарат бәріне ашық болады. Ақпарат министрлік пен қарапайым адамға қолжетімді.
Өткен жылы жазда Абай облысында ірі өрт болды. Өрт аумағы бір күннің ішінде 100 гектарға дейін созылды. Сол уақытта біз елімізде әлі де шешілмеген осындай мәселе бар екенін анықтадық. Алдағы уақытта серіктестік және жобамызға инвестиция іздейміз. Келешекте жобамызға тағы да бір жүйе қосылады. Ол өртті ғарыштан бақылауға және орманшының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналады», - деді жас өнерптапқыш.
Еске салсақ, қызылордалық ұстаз Мұхтар Талғатұлының мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арнап жасаған математикалық сайты көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.