Қытайдан келген қазақстандық туристер Денге безгегін жұқтырған
|
Қара құрлық емі жоқ Эбола індетінен құтқарар вакцина таба алмай, әуреге түсіп жатқанда, Азияны Денге безгегі жайлап барады.
Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі Астана арнасына сілтеме жасап, хабар таратты.
Жыл басынан бері Алматыда осы қауіпті ауруды 5 адамның жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы өзге елге демалысқа барған. Денге дерті қазір Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Куба және көрші Қытайда өршіп тұр.
Соңғы мәлімет бойынша Қытайда ауруды жұқтырғандардың саны 30 мыңнан асып жығылған. Қазақстандық эпидемиолог-дәрігерлердің айтуынша, біздің елде бұл індетке шет елдерден оралғандар шалдыққан. Денге дертінің алғашқы белгілерінің қандай болатынын науқастарды емдеп жатқан дәрігерлер айтып берді.
"Аурудың жасырын уақыты болады. Бірнеше күннен 14 күнге дейін созылады. Одан кейін клиникасы басталады. Одан адамдардың температурасы көтеріледі. Кейбір жағдайда 39-40 градусқа дейін барады. Сол уақытта теріде қанталау байқалады. Кейбір адамдардың аяқ қолы, денесі қызарады. Мұрыннан кейде қан ағады. Ауырып кеткен адамдарда бұл ауруға иммунитет пайда болады", - дейді Санжар Асфендияров атындағы медициналық университет профессоры Күләш Құрманова.
Аталмыш безгектің қоздырғышы – тропикалық өңірлерде кездесетін масалар. Сондықтан құзырлы органның өкілдері Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сапар шеккенде қауіпсіздікті қатаң сақтауға шақырады.Тіпті, нақты қай мемлекеттерде індеттің жұғу қатері жоғары екенін атады.
"Алматы қаласында 5 жағдай тіркелді, оның төртеуі лабораторияда расталды. Денге қызбасы - тұмау сияқты масса шаққаннан берілетін аса ауыр инфекция. Таиланд, Малайзия, Индонезия, Үндістан, тағы да басқа мемлекеттерде тіркеледі. Біз туристік фирмаларға хат жолдағанбыз. Денге безгегін жұқтырғандарға уақытылы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, арты өлімге апарып ссоқтырады", - дейді Алматы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Жанар Иманбекова.