Қытайдан келетін қазақтарға үш жылдық виза берілетін болды
Қытайдан келетін қазақтарға үш жылдық виза берілетін болды
8 жыл бұрын 2764 Baq.kz

Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев қытайда өмір сүріп жатқан қандастарымыздың елге оралуына бірден бір қолбайлау болатын виза мәселесі жайында мәлімдеді. Қазіргі кезде Қытай елінде еліміздің Елшілігімен бірге екі бірдей ірі қаласы Шанхай мен Гонконгта бас консулдық жұмыс істейді. Ал қандастарымыздың ең көп шоғырланған ШҰАР-дың орталығы Үрімжі қаласында паспорттық-визалық қызмет орталығы бар. «Қытайдан өзге мемлекетке шығуға құжаттары толық 800 мыңнан астам қандасымыз бар. Соған қарамастан паспорттық-визалық қызметке күніне 400-500 адам келіп виза рәсімдейді. Қазақ қандастарымызға Қазақстанға келу үшін виза тегін беріледі. Сонымен қатар, қандастарымызға бұған дейін 1 жылға ғана беріліп келсе, енді 3 жыл уақытпен беруге оң шешімін тапты. Одан бөлек, бұдан бұрын қандастарымыз паспорт алудан қиындықтар көретін болса, енді ол мәселеле де реттелді», - дейді Шаxрат Нұрышев. Елшінің айтуына қарағанда бұл іс-шаралардан бөлек өткен жылы Қытай Халық Республикасының азаматтарына 118 321 виза берілді. Соның ішінде, 83 358 визаны, яғни, барлық рұқсат қағаздарының 70 пайызын сол жерде тұратын қазақтар алды. Қалғаны - жұмыс, туристік және білім алу үшін берілетін визалар. «Ал ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде 86 203 виза рәсімделді. Оның ішінде, 58 474 виза немесе 68 пайызы этникалық қазақтарға берілді. 15 мыңнан астамы - іскерлік визалар, 6 мың жұмыс визасы, 5 мың туристік, 299 оқуға, 322 қызметтік, 23 инвесторлық және 56 транзиттік визаны басып бердік», - деп атап көрсетті елші.

0 пікір
Мұрағат