Қытай елімізде дәрілік шөптер қабылдайтын пунктер ашпақ
Қытай елімізде дәрілік шөптер қабылдайтын пунктер ашпақ
4 жыл бұрын 2465 Жанат Ардақ

Ірі қытай шенеунігі Қазақстан Үкіметіне жүгінді. Бұл жайында inbusiness.kz ақпарат көзі мәлім етті.

Бүкіл әлемде коронавирустың белең алуына байланысты дүниежүзінде табиғи шипалы өнім түрлеріне сұраныс еселеп өсті. Әсіресе, дәрілік өсімдіктерге деген тапсырыс көрші ҚХР-да барған сайын зораюда. Осы орайда экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атына «Қытай медицинасы ғылыми-зерттеу институтының» директоры Чу Джун Хуадан сұрау келіп түсті.

«Біздің компания дәрілік өсімдік шикізатын жинау, өңдеу, сақтау және сату-экспорттау саласындағы қызметті жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осыған байланысты сізден Қазақстанда қандай рұқсат құжаттарының тізімін жинау қажет болатынын, уәкілетті орган қандай талаптар қоятынын түсіндіруіңізді сұраймыз», – дейді Чу Джун Хуа (Chu Junhua).

Үкімет өкіліне жолдаған хатында шың елінің компаниясы «Қызыл кітапқа» енгізілмеген, қазақ даласында жабайы, тұмса табиғи күйінде өсетін дәрілік шөптерді де, сонымен қатар Қазақстан азаматтарының жеке меншігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерінен дәрілік шикізатты да қатар жинауға кірісетін ниетін ашық мәлімдеді. Соған қарағанда, жер латифундистерімен келісімі бар сыңайлы. Чу Джун мырза өз өтінішінде министрге бұл іс-қимылына оның тосқауыл қоя алмайтынын меңзеді.

«ДСҰ Сауда және тарифтер жөніндегі Бас келісімінің 11-бабына сәйкес осы ұйымға кіретін бірде бір ел өнімді сыртқа шығаруға қандай да бір тыйым салмауға немесе шектеу енгізбеуге тиіс. Квота, экспорттық лицензия түрінде де кедергі жасауға рұқсат етілмейді. Оның үстіне, Қазақстан заңнамасына сәйкес, дәрілік шөптерді жинау қызметі лицензиялауға жатпайды! Сонымен бірге, біз Қазақстан халқынан дәрілік шөптерді сатып алу бекеттерін өңірлерде ұйымдастыру үшін қандай талаптар барын білгіміз келеді. Ондай бекет ашу үшін қандай рұқсат құжаттарын алуымыз керек? Дәрілік шикізат тапсыратын жеке азаматтарға талап қойыла ма?» – деп сұрады қытайлық ҒЗИ директоры.

Хаттан белгілі болғанындай, институт қазақ жерінен жиналған барлық дәрілік өсімдіктерді Қытай Халық Республикасына тасымақ.

«Біздің жиған дәрілік шөптер тізімі «Қазақстанның Қызыл кітабының» қорғауына түсіп қалмайтынын қандай орган растап бере алатынын айтып жіберсеңіз? Осыған қатысты ақпаратты Білім және ғылым министрлігінің Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтынан сұрастырып едік. Алайда нақты жауап болмады», – дейді ғылыми-зерттеу институтының директоры Чу Джун Хуа.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев өз жауабында мемлекеттік орман қоры аумағында дәрілік шөптерді жинауға болатынын хабарлады. Бұл үшін Жер кодексіне сәйкес, рұқсат қағазын – «ағаш кесу билетін» және «орман билетін» алса, жеткілікті екен.

«Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде дәрілік шөп жинауға келсек, жабайы өсетін өсімдіктерді заңсыз жинап, экспорттаудың алдын алу үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар биологиялық негіздеме алу талап етіледі. Экологиялық сараптама қорытындысын дәрілік шикізат жиналатын жердегі өңірлік әкімдіктің Экология департаменті береді», – деп жөнін айтты экология министрі. 

Ол дәрілік шикізатты экспорттауға да жол ашық екенін жеткізді. Дегенмен, қазақ заңдарына қарағанда еуразиялық одақ заңнамасы қаталдау және ол ұлттық заңнан жоғары тұрады. Нәтижесінде, «ЕАЭО-ның үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шаралары туралы» Хаттамасы бойынша жабайы өсетін дәрілік шикізат – дәл осындай реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізіміне кіреді.

«Аталған тізімге байланысты дәрілік шикізат экспорты енді міндетті лицензиялауға жатады. Ол лицензияны алу үшін біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы құжаттардың; жабайы өсімдіктерді жинау және дайындаудың заңдылығын растайтын құжаттардың; сондай-ақ оң қорытындысы бар биологиялық негіздеменің электронды көшірмесін ұсынуларыңыз қажет», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, сирек кездесетін, жойылу алдында тұрған және «Қызыл кітапқа» кірген өсімдік түрлерінің нақты тізімі Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген. Содан бергі он бес жылдай мерзімде қазақ жерінде қаншама дала өрті, төбеден зымырандық гептилдің төгілуі, тасқын су басуы секілді көптеген өсімдікті жойған нәубеттер болса да, ол тізім көп жаңартылмады. Демек, әлгі құжаттарды жинаса, қытайларға дәрілік шөптерді алаңсыз жинауына болады.

Белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы Гүлнәр Айдарханованың мәліметінше, Қазақстан аумағында дәрілік шипасы мен емдік қуаты күшті шамамен 6500 өсімдік түрі тіркелген. Бүгінде бұл – әлемдегі ең қажетті ресурстардың бірі. Олар аса қымбат тауар өндіретін фармацевтика, иіссу-парфюмерия, косметика және басқа салаларда жоғары сұранысқа ие.

«Флораның даралығы мен әралуандылығы әсіресе, еліміздің солтүстік-шығысында, Алтай жақта, оңтүстік-батыста, Батыс Тянь-Шань, Қаратау жақта, тау жоталарында өте бай. Қазақ жерінде дәрілік өсімдіктердің негізгі ресурсы – 80%-ы Іле Алатауында, Кетмен жотасында, Күнгей Алатауда, Теріскей Алатауда, Жоңғар Алатауында, Қырғыз жотасында, Боралдайтауда, Алтайда және Тарбағатайда шоғырланған. Кейбір өсімдік түрлерін еліміз еш қиналмай экспортқа шығара алады. Мысалы, қырықбуын қылшаның қоры (эфедра хвощевая немесе Ephedra equisetina) жыл сайын еш зиян-залалсыз 700 тоннаға дейін, ал оралдық және жалаң мия (солодка голая және солодка уральская немесе ғылыми тілде Glycyrrhiza glabra, G. uralensis) – 75 мың тоннаға дейін әзірлеуге мүмкіндік береді. Бірақ, кейбір өсімдік түрлерінің ресурсы ішкі сұранысты өтеуге әзер жетеді», – дейді ғалым.

Қалай болғанда, табиғат сыйын шикізат түрінде сыртқа сатып, бөтен елдің ірі кәсіпорындарын арзан ресурспен қамтамасыз еткенше, оларды өз елімізде өңдеп, дайын өнімге айналдыру әлдеқайда тиімді.

0 пікір
Мұрағат