Қылмыскерлер жалған ақшаны қалай жасайды немесе Қазақстанда теңгенің қай купюрасын қолдан жиі жасайды
|
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары қылмыскерлердің жалған ақшаны қалай жасайтынын айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ерден Жұманың айтуынша, жалған ақшада арнайы қорғаныс элементтері де болады. Алайда, оның қолдан жасалғанын бірден анықтау қиын.
«Біз кейде «су таңбасы» бар болса, дұрыс ақша деп ойлаймыз ғой. Мысалы, мен өз көзімен көрдім. 10 000 теңгелік купюраның арнайы белгісі болды. Ішінде «су таңбасы» бар, бірақ анық емес. Ал ондай ақшаның бірден жалған екенін анықтау қиын», - деді Е.Жұма Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, қылмыскерлер жалған ақшаны жасаудың сан алуан әдіс-тәсілдерін қолданады.
«Мысалы, жалған купюраны толығымен принтерден шығаруы мүмкін. Болмаса, жартылай кеседі де, бір купюра жасайды. Сонда бір жартысы - дұрыс ақша, екіншісі қолдан жасалған. Екеуінің арасын әдемілеп тұрып жабыстырады да, адамға дұрыс жағымен береді. Қолға ұстағанда жалған ақша екенін білінбейді. Екі жартыны арнайы лентамен де, скотчпен де білдіртпей жабыстырады. Кей кезде ондай ақша телефон және тағы басқа қызметтерді төлегенде терминалдардан да өтіп кетеді. Сондықтан барынша абай болу қажет. Әсіресе, түнгі уақытта ақшаны тексеріп отырған жөн», - деп атап көрсетті Е.Жұма.
Айта кетейік, баспасөз мәслиxатында Ерден жалған ақшаны қай купюрамен жиі жасайтынын да айтып берді.
Республика бойынша бір жылдың ішінде 33,4 млн теңге болатын жалған ақша анықталды. Оның ішінде ұлттық және шетелдік валюталар бар.
Мемлекеттік кірістер комитетінің Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ерден Жұманың айтуынша, бүгінде қылмыскерлер көп жағдайда ескі номиналдағы 2 000 теңгені жасайды.
«Себебі, ол купюраның қорғаныс элементтері ескірген. Ал 5 000, 10 000, 20 000 теңгеліктерді қолдан жасау қиын. Сосын купюраның сомасы үлкен болса, оны жіті тексереді. Бәріміз солай істейміз. Мәселен, дүкенде 10 000 теңгені берсек, сатушылар бірден тексере бастайды. Ал 2 000 теңгені олай тексермейді. Қылмыскерлер осыны жақсы біледі. Содан кейін ұсақ ақшаны жасауға тырысады», - деді Е.Жұма Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, қылмыскерлер, көбінісе, ұлттық валютаны жасайды. Себебі, оны таксиде, дүкенде, базарда және тағы басқа жердерде бере салған жеңіл. Ал шетелдік валютаны айырбастау қажет. Ондай ақшаны айырбастау бекеттерінде арнайы құрылғылармен тексереді.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда жалған ақша жасау бойынша 214 қылмыс тіркелді. Соның ішінде, 2 511 дана ұлттық валюта, оның жалпы сомасы 7,4 млн теңгені құрады. Ал шетелдік валютаның 497 жалған купюрасы анықталды. Ол ақшаның сомасы 26 млн теңгеден асты.