Құрбан айтта мал соятын орындар белгіленді - Астана қаласы бойынша
|
Елордада санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау үшін құрбандыққа шалынатын малды соятын арнайы орындар белгіленді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Олар: «Нұрбереке 555» ЖШС (Алаш тасжолы), «Айсу» ЖШС (Алаш тасжолы, 10 км), «Темеш» ШҚ («Астана – Алаш тасжолы», 7 км), «Агро Өнім Астана компаниясы» ЖШС, «Жайлау» (Алаш тасжолы, 33), «Мақсат 2007» тасжолы (Железнодорожный кенті Ажар к-сі, 20), «Шаушен» ЖШС (Алаш тасжолы, 10 км).
Заңнама нормаларына сәйкес, ішкі сауда объектілеріне, соның ішінде базарларға сату үшін түскен жануарлардан алынатын өнімдер оны тамаққа пайдаланудың қауіпсіз екендігін көрсететін ілеспе ветеринариялық құжаттар болмаса, тәркіленіп, жойылады.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт қыркүйектің 12-нен басталады. ҚР Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес Құрбан айттың алғашқы күні демалыс күні болады.
Құрбан айт Ораза аяқталған соң 70 күннен кейін аталып өтілетін мұсылмандардың ең ұлық мерекелерінің бірі. Бұл күні құрбандыққа мал шалынып, оның еті үшке бөлінеді: бір бөлігі кедейлерге таратылады, екіншісі отбасыда қалады, ал үшінші бөлігі қонақтарға ұсынылады.
«Қазіргі кезде өңірлерде адамдар мен жануарларға жұғатын аса қауіпті аурулар тіркеліп жатқанын ескере келе, елорда тұрғындары мен қонақтарынан мал сатып алу кезінде мұқият болуларын сұраймыз. Малды тек аталған мекенжайдан ғана сатып алуға кеңес береміз. Сатып алу кезінде сатушыдан малға егілген вакцина туралы тиісті белгілер қойылған ветеринариялық анықтаманы көрсетуін талап етіңіз. Екпе жасалған күнге баса назар аударыңыз. Екпе жасалғаннан кейін мал кем дегенде 15 күн карантинде болады. Яғни, соңғы екпе 15 күн бұрын жасалуы тиіс. Заңнама нормаларына сәйкес, ішкі сауда объектілеріне, соның ішінде базарларға сату үшін түскен ет өнімдері ілеспе ветеринариялық құжаттар болмаса, тәркіленіп, жойылады», - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.