ҚР Бас прокуроры зорлық-зомбылыққа байланысты үндеу жариялады
ҚР Бас прокуроры зорлық-зомбылыққа байланысты үндеу жариялады
8 жыл бұрын 3131

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асанов зорлық-зомбылыққа байланысты үндеу жариялады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Әлемде 2 минут сайын 1 бала жыныстық зорлық-зомбылық көреді. Әрбір үшінші қыз 18-ге толғанша осындай жыныстық тиісуге ұшырайды екен. Бұл ғаламдық проблема. Онымен барлық мемлекеттер күресуде.

Қазақстанда биыл 183 бала қылмыскерлердің құрбаны болды. Өткен жылдан әлдеқайда аз болса да (37% - 292), оны, әрине, құрғақ санмен өлшеу орынсыз. Әрбір жағдай - қоғам үшін үлкен трагедия, отбасына түскен қайғы-қасірет, баланың жанына салынған жазылмас жара.

Биылғы жылы мұндай қылмысы үшін 111 адам сотталды.

Аузынан ана сүті кеппеген баланы зорлау - нағыз азғындық. Мұндай қылмыс жасағандарды мемлекет аяусыз жазалайды - 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру. Олардың жазасы жеңілдетілмейді. Сотталғандар уақытынан бұрын босатылмайды, амнистияға жатпайды, олармен ешқандай процестік келісім жасалмайды. Жаза мерзімін толық өтейді.

Мұндай қылмыскерлер балалармен жұмыс жасау құқығынан өмір бойына айырылады.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді.

Құқықтық статистика комитетінің infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдардың картасы іске қосылды. Онда олардың фотосуреті мен анкетасы бар. Бұл сервисті кез-келген адам еркін пайдалана алады.

Көп жағдайда қылмыскерлердің арам ниетін жүзеге асыруға негізгі себеп - ересектердің мұқиятсыздығы.

Санасы толық бекімеген, әр нәрсеге сенгіш, көнгіш жас бала сырттан келер қауіпті қайдан білсін? Сондықтан қараусыз қалған бүлдіршін - қылмыскерге оңай олжа.

Балаларымыздың дені сау, өмірі қауіпсіз болсын десек, біріншіден, әрбір ата-ана сақ болуы қажет. Үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарында, жалпы қай жерде болмасын баланы үнемі бақылауда ұстаңыз.

Екіншіден, жеткіншектер қорлықты көбінесе танысы, тіпті жақыны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан көреді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекетін көрсеңіз, дереу 102-ге хабарласып, шара қолданыңыз.

Үшіншіден, кейде болған істі айтпаймыз, жасырамыз, ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Онымен қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сондықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз. Бірден құқық қорғау органына хабарлаңыз.

Төртіншіден, баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқап жүріңіз. Баламен жиі, ашық әңгімелесу - оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.

Бесіншіден, қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Ондай ақпаратты интернеттен және жақын арада іске қосылатын "Прокурордың 100 кеңесі" деген мобильдік қосымшадан алуға болады.

Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тек мемлекеттің шаралары жеткіліксіз. Оған әрқайсысымыз жеке және бүкіл қоғам болып қарсы тұрайық.

Осы үндеудің мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Қазақстанда ер прокурорларға зорлау бойынша іс жүргізуге тыйым салынды

Қазақстан Республикасының бас прокуроры Жақып Асанов елімізде сексуалдық сипаттағы қылмыстар бойынша істі әйел прокурорларға беруге шақырды. 

Асанов құқық қорғау органдарының ел аймақтарында зорлық және педофилия бойынша мағлұматы аз екенін айтып өтті.

"Біз мұнда отырмыз, оқиға орындарында не болып жатқанын білмейміз. ІІМ де білмейді. ІІД-нің немесе облыстық прокуратураның бірде-бір адамы хабарласып, бұл проблема жайлы бізге айтпайды. Жәбірленушілерге қалай қорғау керек екені жайлы нұсқаулық жасаңыздар. Бірінші кезекте қылмыстың осы түрін болдырмау үшін күш біріктірейік, кейін болашақта үлкен жұмыс атқарамыз. Адамдарға құқығын қалай қорғау керек екені жөнінде көмектесу керек. Осындай әрбір іс бойынша процесстік әйел прокурорды тағайындайық", - деді бас прокурор ведомство алқасының отырысында.

"Бізде әйелдер көп. Болмаса, жұмысқа қабылдау керек. Бұл шұғыл жасалуы тиіс іс, оны жылдам жасай аламыз. Артық ақылдың да, күштің де қажеті жоқ. Облыс прокурорлары, сіздерге айтып отырмын. Сіздерге мерзім беремін - бір апта ішінде осындай әрбір қылмыс бойынша мұндай істерді ер адамдарға беруді тоқтатыңыздар", - деді Асанов.

0 пікір
Мұрағат