Қос қолы жоқ қызылордалық сағат жөндеумен айналысады
Қос қолы жоқ қызылордалық сағат жөндеумен айналысады
10 жыл бұрын 3940

Қос қолының жоқтығына қарамастан қолсағат жөндеп, жазу жазатын азамат! Қызылордалық Нышан Сексенов қолдары кеміс боп туғандықтан, бар тірлікті аяғымен орындауға үйренген. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі КТК арнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Қазір жасы 53-тен асқан ол ауыл-аймақты таңқалдырумен келеді. Жігіт ағасы үй шаруасы түгілі, сау адамның қолынан келе бермейтін ұсақ түйегі көп сағатқа дейін өзі жөндейді. Көлігін де ауыл арасында өзі жүргізіп жүр.

Қос қолын аяғымен алмастырған Нышан Сексенов 12 мүшесі сау адамдардың қолынан келе бермейтін дүниені жасай алады. Мүгедектігіне мойымаған жігіт ағасы қолсағаттарды жөндеп, нан тауып отыр.

“3-4 класста оқып жүргенде сағат оңдадым. Бастапқыда тек ермек үшін жасадым. Аяқпен шұқылап, соған қалыптасып кеттім. Арнайы оқу оқыған жоқпын”, – дейді Нышан Сексенов.

Арнайы оқу оқымаса да, шебер атанған Нышан екі қолы кеміс болып дүниеге келген. Екінші ұлы үлкенінен кем болмасын деген ата-ана кезінде мектепке беріп, сауатын аштырған екен.

“Ең болмаса хат танысын деп мектепке бердім. 10 класс бітірді. Аяғымен жазады, ал айтқан сөзі, ақылы, есі күшті. Содан бері бұның өмірін түсінетін ешкім кездеспейді. Өйткені екі қолы жоқ. Бір қолы жоқ болса бірдеңе қылар еді”, – дейді Нышан Сексеновтің анасы Жанай Әзірбекова.

Қазіргі таңда жақын маңдағы ауыл-аймақ тұрғындарының барлығы қолсағаты бұзылса, бірден Нышан Сексеновке келеді. Атқарған жұмысы үшін алатын ақысы төмен, ал сапасы жоғары. Тек бұл үшін шеберге біраз тер төгуге тура келеді.

“Жинай алмасам  миым тыныққан кезде қайта келіп, соны орнына салуға тырысамын. Әйтеуір, саламын соны. Магнитпен үстінен тартып отырып, титтей инедей ғой”, – дейді Нышан Сексенов.

Жазу жазып, сағат жөндеуден өзге Нышан Сексенов туған-туысты көлігіне отырғызып, той-томалаққа апарады. Икемді башпайларының көмегімен темір тұлпарды оталдырып алып, кете береді. Әрі ол өзін жауапты жүргізушілердің қатарына қосады.

0 пікір
Мұрағат