Қоқыс теріп, бала-шағасын асырап жүрген ана көмек сұрайды (фото, видео)
|
Шымкенттік көпбалалы ана Гүлсім Қыстаубаева кішкентай перзенттерімен кішігірім үйде тұрып жатыр. Оның өзін жалға алады. Үлкендеу үйге жағдайы келмейді. Өйткені алты баланы киіндіріп, ас-ауқат тауып беру жалғызбасты ана үшін кәдімгідей ауыртпашылық салуда.
Кейде қоқыс теріп, күнелтуге тура келіп жүр. Перзенттерді бір өзі тәрбиелеп отырған ана мен әкесіз өсіп келе жатқан балалардың бүгінгі күйін NUR.KZ тілшісі өз көзімен көріп қайтты.
38 жастағы Гүлсім Жарылқасынқызының жесір қалғанына биыл 8 жыл. Тура сегіз жыл бұрын отбасымен күн көру үшін Сарыағаш ауданынан Алматы жақтағы Қапшағайға қоныс аударады. Ол кезде Гүлсім бес баланың анасы еді. Тағдырдың жазғаны болар, жолдасының қан қысымы көтеріліп, тіл тартпастан көз жұмыпты.
Сондағы асханалардың бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүрген ананы қайын жұрт жағы көне дәстүр бойынша қайын ағасымен қосады. Марқұм күйеуінің ағасы бұрын бір рет шаңырақ көтерген. Дәм-тұзы жараспаған соң ажырасып кетіпті.
Жесір қалған Гүлсім қайын жұртының сөзіне қарсы шыға алмастан, амалсыз көндігіп, қайын ағасымен қосылады. Бұл неке де сәтсіз аяқталыпты. Екі айдай бірге тұрған олардың мінездері сай келмепті. Содан ол бала-шағасымен бірге Шымкентке қоныс аударады.
Арада біраз уақыт өткен соң жүкті екенін біледі. Ішке біткен баладан бас тартуға батылы бармаған әйел алтыншы перзентін босанады. Баспанасы жоқ ол алғашында 11 мөлтек аудандағы пәтерлердің бірін жалдап тұрған. Бірақ, пәтер ақысы қалтаға кәдімгідей салмақ түсірген соң қаланың шет жағындағы жер үйлердің біріне көшеді.
Үй деген атауы болмаса, кәдімгі кепе секілді. Кіреберіс және шағын жатын бөлмесі ғана бар. Кереует деген балалар үшін кәдімгі арман. Күміс алқа иегері Гүлсім мемлекеттен берілетін қаржылай көмек алты баланың ішіп-жемі мен керек-жарағына кейде жетпей де қалады дейді.
Сол себептен жұмыс істеуге мәжбүр. Шымкентке көшіп келген ол Самал-3 шағынауданындағы полигонда қоқысты реттеуші болып жұмысқа тұрады. Жалақысы істеген жұмысына қарай. Қолына алатыны айына - 15-20 мың теңге.
«Қоқыс полигонында жұмыс істеп жүріп ол жақтан үйге қажетті отынды теріп келемін. Ол жұмыстың барына да шүкір. Қоқыстан тергендерімді керек-жарағыма жаратып отырмын. Кейде тұрғындардың ескі-құсқы киімдерін үйге алып келіп, бір жуып, бала-шағамды сонымен киіндіріп жүрмін. Балаларым тек оқу жылының басында ғана жаңа киім киеді. Қалғанының бәрі қоқыстан алып келген киімдер», - дейді жалғызбасты ана.
Ал күйеуінің туыстары көмек қолын бермек түгілі, жесір жүрген ананы «жеңіл жүріске салынып жүрген шығарсың?» деп жазғыратын да көрінеді.
Өткен жылдың соңында көпбалалы ана жұмыс істейтін алаң жабылып, қаланың шетіндегі Ақжар елдімекеніне көшіпті. Содан бері жесір әйел сонда түнелтіп жұмыс істеуге мәжбүр.
«Аптасына тек бір рет қана келіп тұрамын. Үлкен қызым мектепті бітіре сала Алматыға жұмыс іздеп кетті. Қазір көлік жуушы болып жұмыс істейді. Қолынан келгенше ақша жіберіп тұрады. Екінші қызым мен жоқта кішкентайларыма «ана» болып жүр. Тамағын жасап, сабағын қадағалап отырады. Көршілеріме де өтініш айтқанмын. Өзім жоқта оқта-текте балаларымның хабарын біліп тұрады. Тағдыр солай болған соң балаларымның да оған еті үйрене бастады», - деп көзінің жасын жасыра алмаған ана әрдайым балаларының қасынан табыла алмай жүргенін қынжыла айтты.
Көпбалалы ананың үлкен - Индира 17 жаста. Екінші қызы Аида 9 сыныпта оқыса, Аружан - 7 сынып оқушысы. Ұлы Ерасыл 6 сыныпта, кіші қызы Ақерке 5 сыныпта оқиды. Ал кенжесі Нұрасыл мектепке дейінгі дайындық бөлімінде білім алады.
Айтпақшы, шымкенттік Гүлсім Жарылқасынқызы мемлекеттен берілетін үйге кезекке тұрып үлгермеген. Құжат жинау үшін де біраз есікті тоздыруға келеді деген ол жұмыстан еш қолы тимейтінін алға тартты. Көпбалалы ана тігінші мамандығын алған.
Былтыр жалғызбасты әйел қатты сырқаттанып, ота жасатыпты. Пышақтың астына түскен ол белгілі бір уақыт ішінде мерзімді ем қабылдауы тиіс. Алайда оған қаржы тапшы. Кейде денсаулығы сыр беріп, екі-үш күн төсек тартып жатып қалады екен. Ал төркініндегілер қолдарынан келгенше дәрісін алуға жәрдемдесіпті.
Ендігі бар үміті қалталы азаматтарда. Үй тұрғызуға жәрдем беретіндер табылады деп бір Алладан күн-түн тілеп жүр. Егер де күміс алқа иегері Гүлсім Жарылқасынқызына көмек қолын созамын деушілер болса, редакцияға хабарласуларыңызды сұраймыз.
ЖСН-780108403435
КZ-206014673000029264
Кыстаубаева Гульсин Жарылкасыновна