Тарихи тойда тарихи мешіт бой көтерді (ФОТО)
Тарихи тойда тарихи мешіт бой көтерді (ФОТО)
9 жыл бұрын 5576 muftyat.kz

Қазақ хандығы құрылғалы ислам дінімен тарихта даңғыл жол салып, қара қылды қақ жарған дарабоз тұлғаларымен шежіре болып келеді. Осынау бір ұлт болып іргетасын қалаған дәуірден бері бүгін де 550 жыл өтіп, бүкіл әлем қазақтары Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауда. Тарих сахнасында елеулі орын алар ұлық мерекеге орай көненің көзі болған Тараз шаһарында дін мен дәстүрдің озық үлгісі болған, сәулеті келісті мешіт тұрғызылды. Мерекеге арнайы соғылған ғибадат үйі 3 ай ішінде бой көтерген-ді.

Аталмыш мешітті ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ашты. Дүбірлі тойға ат артып келген дінбасы Алла үйіне Құран кітабын сыйға тартты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев құран бағыштап, облыс әкімі жамағатқа құттықтауын жеткізді. Күндердің сұлтаны жұма күні өз есігін айқара ашқан мұсылмандық ордасында екі ракат нәпіл намазы оқылып, кейін уағыз айтылды. Сондай-ақ, азан шақырылып, жұма намазы оқылды.

Бұл Төле би даңғылыда орналасқан мұнарасы көк тіреген мешіттің имамы болып «Хазірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметов тағайындалды. Ғимарат әйелдер намазханасымен, дәретханамен қамтамасыз етілген. Оның бас қақпасы қасиетті Құран кітабін бейнелейді. Ал, онда Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етілген аяттар жазылған. Құрылыс қабырғасында қазақтың ұлттық нақышы – ою-өрнектер салынған. Мешіт сыйымдылығы – 1000 адам.

Ашылу салтанатына сонымен қатар Наиб мүфти, «Хазірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ораз Серікбай, ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет және қала имамдары да қатысты. Мешіт құрылысына Нұрлан Лесбекұлы Алжанқұлов демеушілік етті. Бұл мешітке «Кеңескен қажы Ахаев» аты берілді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибаулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

 

2 пікір
Мұрағат