Соңғы бірер күнде халал сертификатына ие болған екі кәсіпорын
Соңғы бірер күнде халал сертификатына ие болған екі кәсіпорын
4 жыл бұрын 2497 halaldamu.kz Семей "Абай Құнанбайұлы" атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі
СЕМЕЙ: "ЖОЛАМАН" ҚАСАПХАНАСЫ МЕН ЕТ ДҮКЕНІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ

Семей қаласында "Жоламан" сауда орталығы ашылуына орай Семей аймағы бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы қасапхана және ет сату сауда орталығына арнайы барып ет өнімдері сатушыларымен кездесті.

Хақ Тағала бүкіл адамзатты адал әрі таза тамақ ішуге бұйырып, шайтанның жолына ермеуге шақырады. Бұл жайында: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі адал әрі таза нәрселерден жеңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер, өйткені ол сендерге анық дұшпан», – делінген (Бухари, Нәсаи риуаят еткен).

Өкінішке қарай, қазіргі таңда көпшілік мұсылмандардың да адал кәсіпке, халал тамақтануға немқұрайлық танытып жатқаны байқалуда. Мұны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күні бұрын біліп: «Бір заман келеді, онда адамдар мал-дүниені қалай (халалдан не харамнан) тауып жатқанына мән бермей қояды» (Бухари, Нәсаи риуаят еткен), – деп баяндаған.

Бас имам қасапхана және ет сату сауда орталығына «ҚМДБ халал» сертификатын  және қасапшы куәлігін табыстады.

Бас имам Асқар Әбітайұлы ет сатушыларға еттің халал болуына көңіл бөлу керек екенін айтып түсіндерме жұмыстарын жүргізді.

ШЫМКЕНТ: "ALI DONER" ФАСТ-ФУД ӨНІМДЕРІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Шымкент қаласындағы "Ali Doner" фаст-фуд өнімдері "QMDB halal" сертификатына ие болды.  Сертификаттауға Шымкент қаласының бас имамы  Бақдаулет Нұрматұлы мен "Халал Дамудың" жергілікті өкілі Қазыбек Сарыбаева қатысты. 

Қалалық бас мешітте жиналған "Ali Doner" дәмханасының басшылығы мен қызметкерлеріне  халал өнім дайындау технологиясы, халал сертификаттың маңызы мен артықшылығы, өзге өндірістен ерекшелігі мен айырмашылығы жөнінде ақпараттандыру оқу-семинары жүргізілді.  "Халал Даму" технологтары мен жергілікті инспектор-контролерлардың бірлескен жұмысының оң нәтижесінен кейін "Ali Doner" фаст-фуд өнімдері "Тамақтандыру қызметтері", "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға, сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына" сай деп танылды. "Эртаев" кәсіпкерлігіне тиесілі "Ali Doner" фаст-фуд өнімдеріне берілген "QMDB halal" сертификаты 21.04.2020-20.04.2021 мерзімі аралығында жарамды.

Бақылау-қадағалау шараларын жүргізген Қазыбек Сарыбаев: "Қазіргі таңда фаст-фуд немесе  тез тамақтану индустриясы өте жақсы дамыған және сұранысқа ие салалардың бірі. Еліміздің оңтүстік өңірінде де фаст-фуд дәмханалары самсап тұр. Алайда, санитарлық және халал стандарты талаптарына сай келетіндері саусақпен санарлық. Фаст-фуд халық жиі тұтынатын өнім болғандықтарн, халал түрінің де болғаны дұрыс. Сондықтан да өңірде шариғатқа сай кәсіпорындар санын арттыруға барынша күш салудамыз. Бүгін сертификат табысталған "Ali Doner" фаст-фуд дәмханасының асханасынан бастап, өндірісте қолданылатын азық-түліктері толықтай тексеріліп, технологтармен бірлесе халал стандартқа сәйкестендіру шаралары жүргізілді. "Ali Doner" фаст-фуд өнімдерінің талапқа сай, халал екендігін хабарлаймыз!", – деп Шымкенттің тағы бір халал тамақтану орнымен толыққанын жеткізді.

Шымкент қаласы тұрғындарының оң бағасын алған "Ali Doner" фаст-фуд өнімдерін Тәуке хан көшесі, 14 мекен-жайында орналасқан дәмханасынан немесе жеткізу қызметі арқылы тапсырыс беріп ала аласыздар! 

 

0 пікір
Мұрағат