Рамазан: “Ықыласты бауырлар” еріктілері Индер ауданындағы мұқтаж отбасыларға азық үлестірді (+ ВИДЕО +ФОТО)
|
2020 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының бастамасымен “Иманғали” мешіті жанынан құрылған “Ықыласты бауырлар” қайырымдылық орталығының еріктілері Индер ауданындағы бірнеше ауылдарды аралап, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратты. Бұл жайында amin.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Көктоғай, Өрлік, Есбол, Ынтымақ ауылдарындағы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларды, жалғызбасты қарттардың шаңырағына барып, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттерін табыс етті.
“Ізгілік акциясы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатқан “Қайырымдылық керуені” жобасы қосып отырған үлесіміз. Акция карантин жағдайындағы Рамазанмен тұспа-тұс келіп отыр.
Мың айдан да қайырлы Рамазанның сауабы өзгермейді. Қазіргідей қысылтаяң жағдайда бір-бірімізге көбірек демеу болайық” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, Атырау қаласы және Индер ауданынан бастау алған қайырымдылық акциясы аймаққа қарасты барлық аудандарды қамтиды.