Қыздар арасында Құран Кәрім жарысы өтті (ФОТО)
Қыздар арасында Құран Кәрім жарысы өтті (ФОТО)
7 жыл бұрын 3960 muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының үстіміздегі жылғы тапсырмасы бойынша «Әйелдер секторы» ашылды. «Әйелдер секторының» басты мақсаты – әйел қауымының діни, ғылыми, рухани және отбасылық мәселелерін жетілдіру.

Осы ретте, желтоқсан айының 4-ші жұлдызында Алматы қаласы, Алмалы ауданы, «Төле би» мешітінде қыздар арасында Құран Кәрімді жатқа оқудан кезекті жарыс өтті. Бұл жарыстың басты ерекшелігі – алғаш рет ижәзә берілуінде болды.

Жарыстың құрметті қонағы ретінде Алматы қаласы, Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет және басқа да аудан мешіттерінің бас имамдары, Алматы қаласы әкімдігінің әйелдер ісі және демографиялық саясат комитетінің мүшесі, Әуезов ауданы көпбалалы отбасы одағының мүшесі Бисембина Нағигүл Нұрханқызы, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Бекжанова Айнұр Серікқызы, Алматы қаласы дін істер басқармасының Алмалы ауданы бойынша ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы Әбдіхамитов Бақдәулет Халилулаұлы шақырылды.


Жарыс қатысушыларына әділ баға берген қазылар алқасының қатарында Құран Кəрім жарысының ұйымдастырушысы əрі «Төле би» мешітінің бас имамы Мурзабаев Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, Республикалық қарилар дайындау орталығының директоры Олжабаев Сәдуақас қари Сағындықұлы, Алматы қаласы, «Бәйкен» мешітінің бас имамы, «Әбу Ханифа» колледжінің директоры Құлмұхамед қажы Махамбет мырза, Алматы қаласы Орталық мешітінің ұстазы, Алмалы ауданының тәлімгері Сапанов Талғат Дайрабайұлы, ҚМДБ жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының ұстаздары Мухаммад Метвалли, Рахимов Абдухалық, Юлдашев Тайыржан және ижәзә беруші доктор, шейх Абдулла Мадих болды.


 Жарысқа қатысуға 9 – 32 жас аралығында 101 өтініш келіп түсті. Жарыстың талаптарына сай қатысушылар Құран Кәрімнен бір, екі, үш, алты және он пара жатқа оқудан бақтарын сынады. Әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша, төрт номинациядан 16 жеңімпаз анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдеге 9 жасар Әліпбай Фатима «алты пара» номинациясы бойынша ие болды. Құран Кәрімді жатқа оқудан жарысқа қатысушылардың барлығына алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.

“Төле би” мешітінің баспасөз қызметі 

0 пікір
Мұрағат