ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты ҮНДЕУІ (фото+видео)
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты ҮНДЕУІ (фото+видео)
8 жыл бұрын 3424 muftyat.kz

Алматыда өткен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты бірауыздан Үндеу қабылданды. Үндеу мәтінімен Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаров таныстырды. Үндеудің толық нұсқасын төменде жариялап отырмыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Ғұламалар кеңесінің

ҮНДЕУІ 

Бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім – адамзаттың асыл құндылықтары. Қазақ елі – ежелден бірлігі жарасқан, тыныштығы мен бейбіт тіршілігі сақталған ел. Осы ізгі, қасиетті мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу әрбір ел азаматына аманат!

«Ислам» сөзі - бойсұну, бағыну, бейбітшілік дегенді білдіреді. Ислам– жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін Алланың бүкіл адам баласына түсірген ұлы жүйесі. Ислам ақыл иелерін осы дүниеде қуаныш пен шаттыққа, ал ақиретте мәңгілік бақытқа кенелтеді. Ислам бізге жаратылысымыздың мақсатын, Алланың алдындағы пенделік міндеттерімізді үйретеді. Сондай-ақ, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, арам мен адалды ажыратып, ізгілікке бастайды.

Ақтөбедегі лаңкестік әрекет қазақ еліне орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Қасиетті Рамазан айында осындай қайғылы жағдайдың орын алуы өте өкінішті жайт. Бұл – еліміздің тыныштығын бұзып, болашағымызға балта шабу үшін әдейі ұйымдастырылған қаскөйлік деп есептейміз. Осы қантөгісте қаза тапқандардың отбасылары мен туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып шын жүректен көңіл айтамыз. Сондай-ақ, бұл қанды оқиғаның асыл дініміз Исламға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдейміз.

Алла Құран Кәрімде: 

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا 

«Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят) деп қатаң ескертеді. Сондай-ақ келесі аятта:

مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا 

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең»(«Мәйдә»сүресі, 32-аят) деп баяндайды.  

Сонымен қатар, мүмінді қасақана өлтірудің жазасы мәңгілік Тозақ екендігін:

ومن يقتل مؤمنا متعمدا فجزاؤه جهنم خالدا فيها  

«Кімде-кім мүмін пендені қасақана өлтірсе, оның жазасы мәңгілік тозақ...»(«Ниса»сүресі, 93-аят) деп бұйырады.  

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  

المسلم من سلم الناس من لسانه ويده 

«Нағыз мұсылман өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді», - дейді.  

Біз, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, қасиетті Рамазан айында Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекетті қатаң айыптаймыз. Қазақстан халқын қоғамда тыныштық орнатуға, лаңкестік әрекеттерге тосқауыл болуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына үлес қосуға үндейміз.

 



0 пікір
Мұрағат