Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыттары (2018 ж.)
Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыттары (2018 ж.)
6 жыл бұрын 5733 muftyat.kz
2018 жылдың 21 тамызы - Құрбан айттың бірінші күні 


Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыты төмендегідей:

1. Астана қаласы - 07:00

2. Алматы қаласы - 07:00

3. Алматы обл. - 07:00

4. Ақтөбе - 07:00

5. Ақмола - 07:00

6. Атырау - 07:30

7. Ақтау - 07:15

8. БҚО – 07:15

9. Жамбыл - 07:00

10.Қарағанды - 06:30

11.Қостанай - 08:00

12. Қызылорда - 07:30

13. Шымкент - 07:00

14. Талдықорған - 07:00

15. Павлодар - 07:00

16. ШҚО - 07:00

17. СҚО - 07:00

18. Семей – 07:00

19. Жезқазған – 07:00

20. Түркістан облысы - 07:00

 

Құрбан (араб тілінде) – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. 

Құрбан шалудың пайдалары мен хикметтері 

а) Алла Тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сыйсыяпатына кенелтеді. Құрбан шалу да Алла Тағаланың арнайы әмірі болғандықтан бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзі жарқын болып, мол сауабына шомары сөзсіз. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».[1] Пайғамбарымыз басқа хадистерінде Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Расулімізге ﷺ:

– Уа, Алланың елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим бабаларыңның сүннеті, – деді.

 – Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».[2]

Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп орындауымыздағы ықыласымыз бен ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды:

«Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».[3]

ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз Алла Тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.

б) Адам баласы Құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

в) Руханияттан алшақ болған мына материалдық дүниенің қыспағында қалып, тарыққан ішкі дүниеміз бен көкірек сарайымыз құрбан айттағы шалынған малдардың өзендей аққан қандарын әр-әр жерден көрген уақытта психологиялық тұрғыдан әсерленіп, бойындағы ауырлықтан жеңілдеп, көкірегіндегі қайғы-қасіретін ұмытып, адами табиғатында болатын ыза, кек, дұшпандық сияқты сезімдерден арылып, өне бойы жеңілдеп, сергіп қалады.

г) Жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәнегі бар жалпы адам баласы құрбан айтта тек қана Алла Тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы аталмыш болымсыз сипаттардың дәнегінің түбін балтамен шауып, оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарт, кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді.

д) Дүние жүзінде жылына миллиондаған мал сойылуда. Бірақ бұл сойылған малдың еттерінен көптеген кедей-кепшік мақрұм қалуда. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жүзіне күлкі кіріп, шаттық байрағы желбірейді. Бір адамның көңіліне шаттық беріп, жүзіне күлкі кіргізу қандай бақыт... Алла Тағала ақыретте бәріміздің жүзімізді жарқын қылып, көңілімізді шаттандырсын! Әмин!

 

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі

 

Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Уәжіптігінің дәлелдері:

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»[4] – деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз ﷺ:

«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.

Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың ﷺ: «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет» жолы деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

 

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.

1) Мұсылман болу

2) Құрбан айт уақытында жолаушы болмау

3) Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.

 

Құрбан шалудың уақыты

 

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан ﷺ құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А'зибтің риуаяты бойынша:

«Алла елшісі ﷺ:

 «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес».

Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

 

Құрбандыққа шалуға болатын малдар

 

Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

 

Бірігіп құрбан шалу

 

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

 

Құрбандыққа жарамайтын малдар

 

Пайғамбарымыз ﷺ құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды»,[5] – деген. Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:

Бір көзі соқыр

 

Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсізҚұлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген

 

Тістерінің көбі түсіп қалған

 

Емшектерінің басы жұлынып қалған

 

Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар. 

Құрбан шалуда өкілдік 

Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және сауабы мол. Бірақ басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады. Әлидің Пайғамбарымыздың ﷺ орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар. 

Құрбан малы қалай шалынады? 

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде былай дейді:

 «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».[6]

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:

«Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ».

Одан кейін:

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады.

Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру–мәкрүһ.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

 

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді:

«Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»[8]

Пайғамбарымыздың ﷺ шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті:

«Пайғамбарымыз шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хз. Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алла Елшісі түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді.[9]

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?

Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.

Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен Құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

0 пікір
Мұрағат