Қасиетті Рамазан айында арақ сатылмайтын болды
Қасиетті Рамазан айында арақ сатылмайтын болды
4 жыл бұрын 2339 Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Аналар алқасының мүшесі Зейнеп апа игі бастама көтерді. Ол қасиетті Рамазан айында ешбір дүкенде арақ-шарап сатпау туралы ұсыныс білдірді.

Осыған орай ауданның құрметті азаматтары мен кәсіпкерлерінің басын қосқан берекелі отырыс болды. Жиынға Ырғыз аудандық мешітінің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы арнайы қатысып, Ислам діні арақты ішуге де, сатуға да, сатып алуға да, жасап шығаруға да, ешбіріне оң көзбен қарамайтынын жеткізді.

Арақ-шараптың отбасыны ойрандап, қоғамның тыныштығын бұзып, қаншама жастардың болашағына балта шауып, үлкен қылмыстарға жол ашып жатқаны секілді зардаптарын баяндап, осыған себеп болудың жақсы нәрсе емес екенін түсіндірді.

Арақ сатудан бас тартып, адал өніммен ғана кәсіп қылар болса, Алла Тағала мұндай істің берекесін арттырарына күмән жоқ екенін баса айтты. Кімде-кім жақсы үлгі көрсетсе, оған сол ісінің сауабы және соны үлгі тұтып, соңынан ергендердің де сауабы берілетініне назар аудартып, алда келе жатқан Рамазан айында дүкендерде арақ сатуды тоқтатып, халыққа жақсы үлгі көрсетуге шақырды.

Басқосуға қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан құп көріп, қасиетті айда Алла арам еткен, ата-бабамыз атын да, затын да білмеген осы бір қасіретті дүниені дүкен сөрелерінен алып тастауға уағдаласты. Бас имам игі іске бастамашы болған ауыл азаматтарына алғыс білдірді.

0 пікір
Мұрағат