ҚАЖЫЛЫҚ ОРЫНДАРЫН КОНКУРСТЫҚ НЕГІЗДЕ БӨЛУ НӘТИЖЕСІ
|
Сауд Арабия Қажылық және ұмра министрлігі 2024 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10000 (он мың) қажылық орнын ұсынды.
Бұдан бұрын алдағы қажылық маусымы өткен маусымдарға қарағанда өзгеше болатындығы хабарланған. Биылғы жылдың басты ерекшелігі 15 желтоқсанға дейін тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл 15 желтоқсанға дейін қажылары тіркеліп біткен елдерге қажылық орындары бөлінбек.
Яғни, 15 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина, Арафат және т.б. қызметтері) қаражаты төленген кісі санының көлеміне сай, Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болмақ.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылғы қажылық маусымында азаматтарға қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті туроператорлар арасында ашық конкурс жариялаған болатын. Конкурс бойынша 7-17 қыркүйек аралығында туроператорлардан құжаттар қабылдады.
Қажылықпен айналысатын туроператорларды анықтау үшін арнайы комиссия мүшелері бекітілді. Туроператорларды таңдауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу» туралы ҚМДБ ережесі басты назарға алынды.
Конкурсқа 31 туркомпания құжат өткізді. Оның ішінде конкурсқа қатысудың басты талаптарына сәйкес келетін 17 туроператор конкурсқа жіберілді. Қалған 14 турфирманың конкурс шарттарына сәйкес келмеуі себебінен конкурсқа жіберілмеді.
Туроператорлардан келген өтініштер мен талап етілген құжаттар ортаға салынып, әрқайсысы мұқият қаралды. Комиссия мүшелері жоғарыдағы ережеге сүйене отырып, туроператорларға қосымшада көрсетілгендей баллдық жүйемен баға берді.
Конкурстан өтіп, Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігіне қарасты қажылықтың электронды жүйесіне ресми тіркелетін 17 туроператор осы жылдың 15 желтоқсанына дейін жинаған қажылары мен қаржылық мүмкіншілігіне қарай қажылық орындарын алатын болады.
Ал конкурсқа жіберілмеген туркомпаниялар ресми 17 туроператордың бірімен агенттік келісім-шарт құруы негізінде 100 (жүз) қажылық орнына дейін алуына болады.
ҚМДБ Қажылық бөлімі