Намаз үйрену орталығы ашылды
|
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған Рухани тәрбие — Ихсан ілімі бағытына сәйкес Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттерде «Намаз үйренейік» рухани орталығы ашылды.
Тұңғыш қолға алынған рухани бағыттағы жұмыстарды Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов арнайы танысып, жоғары бағасын беріп, әрі қарай жетілдіру туралы нақты міндеттемелер жүктеді.
«Рухани жобасының негізгі мақсаты — жаңадан намаз үйренуші азаматтарға Әбу Ханифа мазһабы негізінде толық ақпарат беріліп, намаз үйрену жолдары мен тәріптері тәжірибе түрінде үйретіледі. Бұл бастама азаматтарымызды түрлі кереғар діни ағымдардан сақтандыру бағыты бойынша қолға алынды», — деді найб имам Мұхамеджан Естеміров.
Айта кетсек, «Намаз үйренейік» рухани орталығы қаладағы барлық мешіт имамдары тарапынан қолдау тауап, жүзеге асырылуда. Намаз үйренушілерге көмекші құрал ретінде ҚМДБ Діни сарапаттамасынан өткен «Намаз үйренейік» кітабы баспадан мол таралыммен шығарылып, ілім талапкерлерге үлестірілетін болады.