Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді
Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді
8 жыл бұрын 2840 ҚМДБ Баспасөз қызметі

Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Нұр-Мүбәрак» университетінде өткен «Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференцияда мәлімдеді.

«Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек қазіргі заман талабына сай қоғамдық мамандықтар қосылды. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа қабылданған Жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. Демек, медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл – болашақ дін қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік деп атар едім», - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Діни басқарма тарихында тұңғыш рет діни оқу-ағарту саласы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен меморандум жасалды. Екі жақты келісім құжаты аясында алғаш рет медреселер үшін мемлекеттік стандартқа сай оқу жоспары мен оқу бағдарламалары әзірленді. Сонымен қатар медресе Жарғыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Айта кетейік, бүгінде мүфтият діни білім беру саласы бойынша Түркия, Мысыр, Ресей, Малайзия, Татарстан мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдер жасады.

ҚМДБ діни білім беруге арналған қаулыны қабылдады

Алматы қаласында өткен республикалық конференция қатысушыларының Қаулысы қабылданды. 

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы мақұлдансын. ҚМДБ-ға қарасты жоғары және орта оқу орындары оқу процесін ұйымдастырған кезде осы Тұжырымдаманың негізгі ережелері басшылыққа алынсын. Имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру ислам институты кадрларды қайта даярлауды және олардың біліктілігін көтеруде аталмыш Тұжырымдаманы негізге алсын. Мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстары Тұжырымдамаға сай ұйымдастырылсын. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстарының жалғасы ретінде Құран жаттау курстары ашылып, осы Тұжырымдама аясында жұмыс атқару жүктелсін», – делінген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қол қойған Қаулы мәтінінде.
Айта кетейік, еліміздегі діни білімді жетілдіруге арналған конференцияға ҚМДБ қызметкерлері, Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, медресе директорлары, ұстаздар, теолог-ғалымдар қатысты.

0 пікір
Мұрағат