Мeдрeсe шәкірттeрінің арасында республикалық олимпиада басталды (ФОТО)
Мeдрeсe шәкірттeрінің арасында республикалық олимпиада басталды (ФОТО)
9 жыл бұрын 3205 muftyat.kz

Кeшe Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Нұр Мүбәрак» университетінде медресе шәкірттері арасында II республикалық олимпиада басталды.

Олимпиаданың ашылу рәсімін жүргізген наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғашқы сөзді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ұсынды. Бас мүфти шәкірттерге дәріс оқып, білім алудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Қазақтан шыққан ақын-жазушылардың, зиялы тұлғалардың өмірімен таныссақ, олардың алғашқы сауатын медреседен алғанын анық аңғарамыз. Кешегі Алаш арыстарының да медреседен білім алып, халыққа аянбай қызмет еткенін білеміз. Бүгінгі білім сайысын өткізудегі мақсатымыз – сіздердің білімдеріңізді жан-жақты шыңдау. Қазіргі таңда, ХХІ ғасыр имамына қойылар талап үлкен. Сондықтан дін өкілдері заман талабына сай болулары тиіс. Тек діни саламен ғана шектеліп қалмай, өзге ғылымдарды да, пәндерді де үйренуіміз керек», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Білім сайысына еліміздің әр аймағынан келген 9 медреседен 110 шәкірт қатысуда. Олар 3 бағыт бойынша, атап айтқанда, Құран-тәжуид, араб тілі, ақида, фиқһ пәндерінен сынға түспек. Діни басқарманың білікті мамандары шәкірттердің білім деңгейін анықтап, игі шара соңында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, Бас мүфтидің алғыс хаты табысталып, қаржылай марапатталады.

Айта кетейік, медреселер арасындағы республикалық сайыс осымен Алматы қаласында екінші рет ұйымдастырылып отыр.

 

 

Олимпиада жеңімпаздары «Нұр Мүбәрак» университетіне жеңілдікпен оқуға түсе алады

Алматыда өтіп жатқан ІІ республикалық медресеаралық олимпиаданың ашылу салтанатында «Нұр Мүбәрак» университетінің проректоры Шәмшадин Керім осылай деді.

«Бүгінгі олимпиадада жүлделі орындарға ие болған медресе шәкірттері біздің университетке («Нұр Мүбәрак») жеңілдікпен түсе алады. Ауызша өтетін емтиханда бүгінгі білім сайысының жеңімпаздарына жоғары балл қойылады», – деп атап өтті университет проректоры Ш.Керім.

Айта кетейік, осымен екінші рет өтіп жатқан медресеаралық олимпиадаға еліміздің әр аймағынан келген 9 медреседен 110 шәкірт қатысуда.

Медресе шәкірттері қасиетті Құран тәжуиді, сенім (ақида), құқық негіздері (фиқһ), араб тілі пәндері бойынша сайысқа түсуде.

 

Бас мүфти: Олимпиаданың мақсаты – шәкірттердің білімін шыңдау

Алматыда өтіп жатқан ІІ республикалық медресеаралық олимпиаданың ашылу салтанатында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы білім сайысының мәні мен мақсатын түсіндіріп берді.

«Білім – адамның мінезін көркем ететін ұлы нығмет. Сахаба Мұғаз ибн Жәбіл: «Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық, оны талап ету – құлшылық, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа, оны лайық адамға беру – Аллаға жақындау», – деген. Алла Елшісі өз хадисінде білім алу мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз екенін айтқан. Бүгінгі білім сайысын ұйымдастырудағы мақсатымыз – медресе шәкірттерінің білімін жан-жақты шыңдау. Біздің бүгінгі бағытымыз – жастардығң діни сауатына мән беру, олардың діни тәрбие мен діни білім алуына жағдай жасау», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

0 пікір
Мұрағат