Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
3 ай бұрын 539 halaldamu.kz

 

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕҢ ІРІ СҮТ ЗАУЫТЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

 

Жетісу облысындағы «Ляззат-2016 сүт зауыты» «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Бүгін, қасиетті жұма күні облыстың бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы кәсіпорын басшысына халал сертификатын табыстап, кәсіптеріне береке тіледі.

 

Зауыт ұжымы бұл жетістік – тұтынушыларға адал әрі сапалы өнім ұсынудың кепілі екенін атап өтті. Енді барлық өндірістік кезеңдер халал талаптарына сай жүзеге асырылады.

 

Облыс имамы: «Адал кәсіп – берекенің бастауы. Халал өнім өндіру арқылы сіздер халыққа сенімді ас ұсынып отырсыздар» – деп жылы лебізін білдірді.

 

 

АҚТӨБЕ: БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Ақтөбе облысында бірқатар кәсіпорындар «QMDB Halal» стандарты талаптарына толық сәйкес деп танылып, ресми түрде халал сертификатына ие болды. Атап айтқанда, олардың қатарында «Raqym et» ет дүкені, «Изюм» дәмханасы, «Batys food» кәсіпорны және «Турецкие сигара бореки» жартылай дайын өнімдері бар.

Сертификаттау жұмыстары барысында жергілікті технолог Ақмаржан Ержанқызы кәсіпорындарда кешенді аудит жүргізіп, өндіріс процесінің әрбір кезеңін мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде барлық кәсіпорындар халал стандарттарының талаптарына сай деп танылды. Сертификаттау жұмыстарының оң нәтижесінен кейін «Халал Даму» орталығының жергілікті өкілі, Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Амангелдіұлы кәсіпорын иелеріне халал сертификаттарын табыстады.

ӨСКЕМЕН: «АДАЛ ЕТ» ДҮКЕНІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Өскемен қаласындағы «Адал ет» ет дүкені «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. «Халал Дамудың» технолог маманы Данияр Бақзейнелұлы мен жергілікті өкіл Еламан Ержанұлы аудит жұмыстарын жүргізіп, халал сертификатын табыстады.

Сертификаттау барысында өнімдердің құрамы, шикізаттың жеткізілу жолдары, өндірістік гигиена және санитарлық талаптардың сақталуы қатаң тексерілді. Дүкенде сатылатын ет өнімдері толықтай ҚМДБ бекіткен халал стандарттарына сәйкес екені расталды.

«Адал ет» дүкенінің иелері тұтынушыларға сапалы әрі халал өнім ұсынуды басты міндет деп санайтындарын атап өтті.

0 пікір
Мұрағат