Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
9 ай бұрын 1483 halaldamu.kz
ШЫМКЕНТ: «CHEF STAR» КОФЕХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Шымкент қаласындағы «Chef Star» кофеханасы «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Қазыбек Сарыбаев табыстады.

«Chef Star» кофеханасын сертификаттау барысында бірнеше мәрте аудит жұмыстары жүргізіліп, шикізаттары мен тағамдық қоспалары тексерілді. Өндіріс аумағының санитарлық тазалығы қадағаланып, қызметкерлеріне халал жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, атқарылған шаралардың оң қорытындысынан кейін бүгін «QMDB Halal» сертификатs табысталды», – деп хабарлайды маманымыз.

«Chef Star» кофеханасының мекен-жайы: Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 64.

«KARAKTEA» ШӘЙХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Астана қаласындағы ерекше форматтағы «Karaktea» шәйханасы сертификатталды. Сертификатты «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы табыстады.

«Халал – ұғымының ауқымы кең. Соның бірі «халал өнімнің» адамға пайдалы болуы. «Karaktea» де адам ағзасына ең пайдалы шәйлардың бірі. Себебі, құрамына көпжылдық шөптесін өсімдігі кардамон қосылады. Кардамонның құрамындағы эфир майы – мидың жұмысына әсер етіп, есте сақтау қабілетін арттырады. Сонымен қатар, ас қорыту жүйесі мен қан айналым жұмысын жақсартады. Адам ағзасындағы түрлі инфекция мен зиянды бактерияларды жойып, иммунитетті күшейтеді», – дейді Айбек Асқарбекұлы.

«Karaktea» шәйханасына берілген «QMDB Halal» сертификаты 14.02.2024-13.02.2025 жж аралығында жарамды. Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ.Аманжолов көшесі, 28.

«DREAM FOOD» ДӘМХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Астана қаласындағы «Dream Food» дәмханалар желісі «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификаттаы «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы табыстады.

«Елордадағы халал дәмханалар саны күн санап артуда. Қазіргі таңда 80-ге жуық дәмхана сертификаттаудан өткен. Қасиетті Рамазан айында «Dream Food» кәсіпорны халал дәмханалар санын толықтыруда. Дәмхананың ас әзірлеуде қолданатын шикізаттары мен тағамдық қоспалары, өндіріс аумағы мамандар тарапынан тексерілді. Халал стандарты талаптары толық орындалғаннан кейін сертификат табысталуда. «Dream Food» дәмханасының ұсынар асы адал, жұмыстары берекелі болғай», – деді Айбек Асқарбекұлы.

«Dream Food» дәмханалар желісінің мекен-жайы:

  • Шаймерден Қосшыгұлұлы көшесі, 17;
  • Шаймерден Қосшыгұлұлы көшесі, 9а;
  • Төле би көшесі, 2Б;
  • Қобда қиылысы, 2/1а (жеткізу қызметі)


ҚАРАҒАНДЫ: ҰН ӨНДІРІСІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Қарағанды қаласындағы «Dadi nan», «Ақбата», «Мерей» сауда белгісімен шығарылатын ұндар «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты «Халал Дамудың» жергілікті маманы Амангелді Асқаров табыстады.

«Ұн өндірісі – ауыл шаруашылығының негізгі саласы, себебі ұн күнделікті өмірде маңызды орын алатын базалық азық-түліктердің бірі. Тағам технологиясының дамыған кезеңінде қарапайым ұнның өзіне небір қоспалар қосылып, алғашқы табиғи құрамы өзгеріске ұшырап, табиғи құндылығын жоғалтып жатады. Осы орайда, аталған ұндар мамандар тарапынан толықтай тексерілді. Нәтижесінде, «Никитин В.М» кәсіпорнының ұндары «Халал өнімдерді өндіру, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандартына сай деп танылды», — дейді өкіліміз.

«Никитин В.М» кәсіпорнына берілген халал сертификаты 02.02.2024-01.02.2025 жж мерзімі аралығында жарамды. Мекен-жайы: Қарағанды қаласы, 042 есептік квартал, 7 құрылыс.

БӨДЕНЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Алматы облысындағы «SaluaKZ» бөдене шаруашылғы және сол кәсіпорынның қасапшылары сертификатталды. Сертификатты Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы мен халалдың жергілікті маманы Жанәбіл Жұмабеков табыстады.

«Бөдене өсіру Шығыс Азия елдерінде, соның ішінде, Қытай, Жапония және Үндістанда айрықша дамыған. Құс шаруашылығы саласына жататын бөдене өсіру ісі елімізде кенжелеп болса да дамып келеді. Қазір елімізде бөдене өсіріп, оның еті мен жұмыртқасын саудалап отырған 82 шаруашылық бар. Олардың 25-і Алматы облысының аумағында орналасқан. Соның бірі – SaluaKZ» бөдене кәсіпорны. Аталған кәсіпорын аумағында толыққанды аудит шаралары орындалып, құстың жем-азығы, қасапханасы, өңдеу цехы, санитарлық тазалығы тексерілді. Сонымен қатар, қасапшыларға шариғат талаптарына сай мал бауыздау ережелері мен тәртіптері түсіндірілді», – деген бас имам кәсіпорын өкіліне халал сертификатын табыстап, кәсіптеріне береке тіледі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ: «ONE PALAU» ДӘМХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Семей қаласындағы «One palau» тамақтану орны «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы табыстады.

Мешітке жиналған жамағатқа адал астың құлшылық пен тіршіліктегі маңызын, сертификатталған халал өнімді тұтыну қажеттілігін түсіндірген Асқар Әбітайұлы «One palau» дәмхана басшысы Айтқұрман Әділханұлына халал сертификатын табыстап, жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдірді.

«One palau» дәмханасының мекен-жайы: Семей қаласы, Қарқаралы көшесі, 22а.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Түркістан қаласындағы «Адал ас», «Нұр Ислам ет», «Халал ет» кәсіпорындары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты «Халал Дамудың» жергілікті маманы Таңат Серкебай табыстады.

«Сертификаттар алдын кәсіпорындар аумағында бірнеше мәрте аудит шаралары орындалып, өндірісте қолданатын өнімдері түгелдей тексерілді. Санитарлық тазалықтың сақталуы, қызметкерлердің халал стандарты талаптарын орындауы да назарға алынды. Тексерістің оң нәтижесінен кейін, сертификат табыстау жөнінде шешім қабылданды. Сонымен қатар, қызметкерлерге халал жөнінде оқу-семинар өткізілді», – дейді өкіліміз. 

АЛМАТЫ ОБЛ.: «EMPIRE FOOD» ДӘМХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылында орналасқан «Empire Food» дәмханасы «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. «Халал Дамудың» Алматы облысы бойынша жауапты маманы Жанәбіл Жұмабеков аталған дәмхана иесіне халал сертификатын табыстап, кезекті аудит шараларын жүргізді.

«Аудит барысында дәмханада қолданылатын шикізаттар мен тағамдық қоспалары түгелдей тексеріліп, дәмхана қызметкерлеріне халал жөнінде оқу-семинар өткізілді. Сонымен қатар, санитаралық тазалық талаптары да қадағаланып, тазалық – халал стандартының бір бөлігі екені жеткізілді», – дейді өкіліміз.

 

АЛМАТЫ Қ.: 4 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Алматы қаласындағы «Chunky» және «Трапеза» кондитерлік өнімдері, «ETAL» ет дүкені мен «Ecoproduct» жартылай фабрикаттары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты «Халал Дамудың» Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі Ерлан Құлмырзаұлы табыстады.

Сертификаттау барысында технолог және бақылаушы мамандар өндіріс аумағында бақылау-қадағалау шараларын жүргізіп, тиісті қоспалары лабораториялық зерттеуден өткізілді. Кәсіпорын қызметкерлеріне халал турасында оқу-семинары ұйымдастырылып, халалдың маңыздылығы, стандарт талаптары мен ережелері түсіндірілді.

ЖАМБЫЛ ОБЛ.: 8 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Жамбыл облысындағы бірқатар кәсіпорындар сертификатталды. Атап айтқанда, «Хамза» және «Алель Агро» қасапханалары мен қасапшылары, «Aqnur» және «Айтолқын» сүт өнімдері, «Best Asian Trade», «Arman Group NS» шұжық өнімдері, «Хаят» ет өнімдері, «Karvon City» дәмханасы.

Жергілікті технолог, инспектор-контролер маманымыз Аблайхан Карипбаев: «Аталған кәсіпорындардың өндірісі мен қызметі бірнеше ай бойы бақылаудан өткізілді. Күмәнді деген шикізаттары мен қоспалары қолданыстан алынып, кем-кетік тұстары стандартқа сәйкестендірілді. Өнімнің сапасы мен халалдығын қатар алу жүру үшін кәсіпорын қызметкерлеріне түсіндіру, ақпараттандыру шарлары жүргізілді. Екі жақтың бірлескен шараларының оң нәтижесінен кейін ғана сертификат берілді», – деп хабарлайды.

ЖАМБЫЛ ОБЛ.: 5 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Жамбыл облысындағы «Алель Агро» комбикорм жем-азықтары, «Шамахсутов» мойонез өнімдері, «Nanduk» кәріс дәханасы, «Алға» ет өнімдері, «Виста» тағамдық қоспалары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты жергілікті өкіліміз Аблайхан Кәріпбаев табыстады.

«Аталған кәсіпорындардың өндірісі мен қызметі бірнеше ай бойы бақылаудан өткізілді. Күмәнді шикізаттары мен қоспалары қолданыстан алынып, халал стандарты талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлеріне оқу-семинарлар өткізіліп, халал талаптары мен ережелері түсіндірілді. Екі жақтың бірлескен жұмыстарының оң нәтижесінен кейін сертификат табыстау шешім қабылданды», – дейді маманымыз.

0 пікір
Мұрағат