Діни рәсімдер тізімі бекітілді: кімдер 45 рәсімнің барлығын өткізе алмайды?
Діни рәсімдер тізімі бекітілді: кімдер 45 рәсімнің барлығын өткізе алмайды?
5 жыл бұрын 3134 muftyat.kz

"Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" тақырыбын арқау еткен III республикалық имамдар форумында бірнеше маңызды құжат қабылданды. Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, діни рәсімдер тізімдемесі әрбір имамның жұмысын нақтылайтын болады.

"Тарихымызға зер салып қарайтын болсақ, біздің халқымызда "ахундар", "қалпе", "ишандар" деген діни лауазымдар болған. Әрқайсысының атқаратын діни қызметі бір болғанмен саласы, яки болмаса, мақсаты мен болмасы әртүрлі. Осы ретте біз діни рәсімдердің тізімдемесін әзірледік. Бала шыр етіп, дүниеге келген сәттен бастап, оған берген батамыз бен айтқан азанымыздан бастап, кісі дүниеден қайтқанға дейін атқаратын діни рәсімдерді тізбелеп шықтық. Тізім әрбір діни қызметкердің жұмысын нақтылайтын болады", - деді Ораз. Форумда бекітілген тізімге 45 діни рәсім кіреді. Олар – сәбиге ат қою, бата беру, сүндет тойдың батасын беру, құрбандық батасын беру, сапар батасын беру, Құран үйрету, азан айту, бес уақыт намазды өткізу, жұма намазын өткізу, тасаттық (истисқа) намазын өткізу, күн тұтылу (кусуф) намазын өткізу, Рамазан айындағы діни рәсімдерді атқару, ауызашарда Құран оқу мен бата беру, тарауық намазын өткізу, Қадір түнін өткізу, иғтикафты өткізу, Ораза айт намазын өткізу, зекетті түсіндіру және ұйымдастыру, пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру, садақа әдептерін түсіндіру, ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру, қажылық рәсімдері, ихрам, арапада тұру, тауап, жамаратта тас ату, сағи жасау, Құрбан айт намазын өткізу, діни неке қию, уағыз айту, пәтуа беру (шығарылған пәтуаны таныстыру), мәуліт оқу, дем салу, иман үйіру (талқин), оң жаққа жатқызу, арулау (мәйітті жуу), кебіндеу, жаназа намазы, жерлеу, зиратты тазалау, асқа қатысу, құран бағыштау, мешітке келгендерге Құран оқу, қабір басына барып Құран оқу және хатым-Құран оқу.

Діни рәсімдерді таныстарған наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының айтуынша, бүгінде діни рәсімдерге қатысты кейбір келеңсіз жағдайлар болып жатады. Дін қызметкерлері кейбір рәсімдер имамның қызметіне кірмейді десек те, адамдар түсінбейді, кінәрат тағады. Бұдан бөлек, мешітке қатысты жоқ адамдар діни рәсімдерді атқарып, шариғатқа бұра тартып, жұртты шатастырып жүр. Соның салдарынан діни қызметкерлер мен исламға қатысты кереғар пікір қалыптасады.

"Діни рәсімдер тізімдемесі - заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. 45 тармақты рәсімдерді шектеу деп түсінбеуіміз керек. Әлбетте, діни рәсімдер өте көп. Алайда біз қоғамға ең керектісін, ең көп орындалатынын алып отырмыз. Болашақта заман талабына сай, қажеттілікке орай қайта жасақталуы да ықтимал екенін ескергеніміз жөн", - дейді Ағыбайұлы.

Мүфтияттың діни білім және кадр бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Әліпбекұлының сөзіне қарағанда, діни қызметкерлердің барлығы бірдей рәсімді өткізе бермейді. Мәселен, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының, сондай-ақ, облыстардың бас имамдары барлық рәсімді атқара береді. Ал қала мен ауданның бас имамдары пәтуа беруден басқа рәсімдердің бәрін атқара алады.

"Наиб имамдарға екі айт намазы мен жұма намазы бас имамның рұқсатымен ғана, ал пәтуа беру рұқсат етілмейді. Қалған рәсімдердің барлығын атқарады. Директор мен ұстаздарға азан айту, бес уақыт намазға имандық ету, жұма намазын өткізу, тарауық намазын өткізу, екі айт намазын өткізу, жаназа рәсімдері мен мешітте Құран оқу бас имамның рұқсатымен болса, пәтуа беруге рұқсат берілмейді. Ал енді, азаншыға екі айт намазын, жұма намазын өткізуге және пәтуа беруге рұқсат жоқ. Ал бес уақыт намаз, тасаттық, жаназа намаздарын өткізу, Рамазан айының рәсімдері, діни неке қию, уағыз айту, мешітке келгендерге Құран оқу бас имамның рұқсатымен ғана іске асырылады", - деп атап көрсетті Әліпбекұлы.

Ал молдаға біраз рәсімді жасауға тыйым салынған. Соның ішінде бес уақыт намазды өткізу, жұма намазын өткізу, тарауық намазын өткізу, Қадір түнін өткізу, иғтикафты өткізу, Ораза айт намазын өткізу, садақа әдептерін түсіндіру, қажылық рәсімдерін түсіндіру, ихрам, арапада тұру, тауап, жамаратта тас ату, сағи жасау, Құрбан айт намазын өткізу, діни неке қию және пәтуа беру бар.

"Ал Құран үйрету, азан айту, тасаттық намазын өткізу, күн тұтылу намазын өткізу, пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру, ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру, уағыз айту, мәуліт оқу, дем салу, жаназа намазы мен асқа қатысу тек бас имамның, осы уақытқа дейінгі қызмет атқарған өкіл имамның рұқсатымен ғана жасалады. Басқа рәсімдерді молда өзі атқара береді", - дейді Әліпбекұлы.

0 пікір
Мұрағат