ДІНИ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 373 ГРАНТ БӨЛІНДІ (ФОТО)
ДІНИ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 373 ГРАНТ БӨЛІНДІ (ФОТО)
8 жыл бұрын 3198 muftyat.kz

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қарасты діни оқу орындары басшыларының Бас мүфтиге есеп беру жиынында ҚМДБ Діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев хабарлады. Оның мәлімдеуінше, орта және жоғары білімді мамандар дайындайтын діни оқу орындарына барлығы 373 оқу гранты бөлінген. Аталған оқу гранттары жергілікті және мемлекеттік бюджеттен бөлінген.

«2016-2017 оқу жылына жоғары білімді мамандар дайындайтын Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетіне 198 грант бөлінді. Оның 190-ы – бакалаврға, 5-еуі – магистратураға, 3-еуі PhD докторантураға бөлінді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент» және «Сарыағаш» медресе-колледждеріне 175 оқу гранты бөлінді. Медресе шәкірттері арнайы шәкіртақы алады», – деп мәлімдеді Б.Бейсенбаев.

Слайд арқылы берілген есепті кездесуде діни оқу орындарындағы ұстаздар құрамының деңгейі, 2015-2016 оқу жылындағы түлектер туралы мәлімет, түлектердің жұмысқа орналасуы, мемлекеттік лицензия мәселесі, кітапхана қоры, қоғамдық шаралардың ұйымдастырылуы, медресені жөндеуден өткізу, ұстаздардың жұмыс жоспары, оқу орнындағы проблемалар және оны шешудің жолдары, шәкірттердің білімі, т.б. мәселер жан-жақты талқыланды.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Діни басқарма «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» жобасын қолға алды. Имам-молдалардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – біздің басты назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері уақыт талабынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Біз қазіргі имамдардан үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруын талап етеміз. 2 жылдың көлемінде имамдарымыздың 80 пайызын аттестациядан өткізіп, білім деңгейін анықтап, сынақтан сүрінгендерді қайта оқытып жатырмыз. Мықты діни кадр медреседе қалыптасады. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңыз үлкен маңызға ие. Ал университетіміз бен медресемізге оқу гранттарының берілуі – мемлекеттің үлкен қолдауы, қамқорлығы екенін ұмытпауымыз керек», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Бүгінде Діни басқармаға қарасты 1 университет, 1 имамдардың білімін жетілдіру институты, 9 медресе, 2 қарилар орталығы жұмыс істейді. Аталған діни оқу орындарында 2856 шәкірт білім алуда. Атап айтқанда, «Нұр Мүбәрак» университетінде – 1130 студент, 9 медреседе – 1321 шәкірт, қарилар орталықтарында – 225 шәкірт, білім жетілдіру және дайындық курстарында 180 шәкірт дәріс тыңдайды.  

Ал, 9 медресенің 3-еуі («Үшқоңыр», «Шымкент», «Сарыағаш») колледж деңгейіне көтерілді. Қалған медреселер колледж деңгейіне көтерілу бағытында тиісті талаптарды орындап, қажетті құжаттарды рәсімдеу үстінде. Онда діни пәндермен қоса зайырлы пәндер де оқытылады. Медресе-колледжді бітірген түлектер діни салада, сонымен қатар мемлекеттік салада да қызмет ете алады. 

0 пікір
Мұрағат