Биыл Рамазан айы сәуірдің 13-де басталады. Биылғы пітір мөлшері - 420 теңге
Биыл Рамазан айы сәуірдің 13-де басталады.  Биылғы пітір мөлшері - 420 теңге
4 жыл бұрын 2731 muftyat.kz ҚМДБ баспасөз қызметі

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті. Онлайн режимде өткен мәжіліске наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, бөлім басшылары мен бас имамдар қатысты.

Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәрістер, Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын» деді.

Кеңейтілген мәжіліс барысында 8 мәселе қаралды. Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Рамазан айының басталуы, Қадір түні және Ораза айт күндері жайлы баяндады. Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.

Бас мүфти жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, жауапты бөлім басшылары мен имамдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

БИЫЛ ПІТІР МӨЛШЕРІ 420 ТЕҢГЕ БОЛЫП БЕЛГІЛЕНДІ

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының, зекет пен підияның мөлшері анықталды.

Биыл пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров Төралқа мәжілісінде тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық беру туралы айтты. Сондай-ақ Батыржан Мансұров қасиетті айда онлайн және тікелей эфирде бірнеше жоба ұсынылатынын жеткізді.

Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов ай бойы «Рамазан – ұлық ай» атымен тікелей эфир ұйымдастыру, әлеуметтік желілерде орталық мешіт парақшаларында облысқа танымал тұлғалармен «Рамазан – он екі айдың сұлтаны» атты күнделікті онлайн сұхбаттар өткізу, «Берекелі Рамазан» деген атпен апталық марафон болатынын айтты. «Халық арна телеарнасынан тікелей эфирде Рамазанға қатысты жобалар көрерменге жол тартпақ» деді Марат Дәлелханұлы.

0 пікір
Мұрағат