Биыл 3 мың отандасымыз қажылыққа аттанбақшы
|
Кеше еліміздің азаматтары мұсылмандар үшін қасиетті 5 парыздың бірі – қажылық сапарға аттана бастады. Киелі Мекке-Мәдина жеріне биыл 3 мың отандасымыз барады десек, соның алғашқы легі – 400 адам Шымкент әуежайынан ұшаққа отырды. Жалпы, үлкен қажылыққа барушылар жылдағыдай Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан ұшады. Биыл Сауд Арабиясы Қазақстан үшін 3 мың квота бөліпті. Ал былтыр 5 мың болған екен. Имамдар квотаның азаюын қажылыққа ниет еткендердің аздығымен түсіндіруде. Есесіне, тәу етушілер бұрынғыдай Түркия, Иран арқылы емес, бірден Мәдина қаласына келіп қонады. Қажылыққа аттанушылар енді 5-ші қыркүйекке дейін Мекке қаласына толық жеткізілуі керек. Биыл олар отандық әуе компанияларымен емес, Біріккен Араб әмірліктерінің ұшақтарымен тасымалданады. Тәу етушілер қажылықтан 20 күннен кейін елге оралуы тиіс. “Қазақстанда, елімізде неше түрлі жағдай болып жатыр. Енді өзімнің басты мақсатым барған соң, Арафат тауында отырып елімнің тыныштығын тілеу. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді дейді. Бәріміз бірігіп, келесі жылы да, биыл бара алмай қалған, үлгере алмай қалған бауырлардың қажылыққа баруын нәсіп етсін Аллаһ-тағалам”, – дейді қажылыққа аттанушы Бауыржан Айбабаев.